Бас имам құқық бұзушыны заң бойынша жазалауды сұраған.
«Астана бас имамының үйі»: видео авторына 700 мың теңге айыппұл салынды
Фото: istockphoto.com
759
оқылды

Бүгін Астанада «бас имам Ерболат Жүсіповтің зәулім үйі» деп жалған ақпарат таратып, елді дүрліктірген видео авторы сотқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде жала жапқаны үшін Б. есімді азаматқа қатысты істі қарады», – деп жазады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы. 

Хатшы келтірген ақпаратқа сәйкес, сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғаны белгісіз екенін түсіндірді, бейнероликті тек қаралым үшін жариялағанын айтып, өкініш білдірді. Жәбірленуші құқық бұзушыны заң бойынша жазалауды сұрады.

«Сот жаза тағайындау барысында құқық бұзушының кінәсін мойындағанын, шын жүректен өкінгенін ескерді. Құқық бұзушы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада. 

Естеріңізде болса, құқық бұзушы әлеуметтік желіге зәулім үйдің видеоролигін жариялап, ол үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражатына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтқан.

«Сол арқылы әлеуметтік желіде басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәлімет таратқан», – дейді баспасөз хатшысы. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.