Қазақстанның бизнес қоғамдастық өкілдері Президентпен пікір алмасып, шағын және орта бизнестегі мәселелерді көтерді.
Шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады – Тоқаев
Фото: akorda.kz
776
оқылды

Еліміздің бизнес қоғамдастығымен өткен кездесу мемлекет пен экономиканы дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің мақсат-ниеті бір екенін көрсетті. Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті. 

Президент мемлекеттің болашағы, соның ішінде өскелең ұрпақтың келешегі осы мәселенің шешіміне тікелей байланысты деп санайды. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады.

Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Resmi компаниялар тобы» ЖШС, «RG Brands» АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, InDrive компаниясының бас атқарушы директоры Арсен Томский, «AUDACIA Express» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «BI-Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Karazhal Operating» компаниясының тең иегері, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

Сонымен қатар Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұрлан Жәнібеков, «Aq Niet Group» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ниязәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов пікір білдірді.