Жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері 120 адамға арналған.
Қызылорда облысындағы ауылда жаңа екі денешынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді
650
оқылды

«AMANAT» партиясы халықтың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортқа тартуға баса назар аударып келеді.

2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы аясында 5 жылда өңірімізде 15 денешынықтыру – сауықтыру кешендерінің құрылысын салуға қаражат қарастыру, спорт нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арқылы спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 53%-ға дейін арттыруды жоспарлаған болатын. 

Бағдарлама аясында аймақта спорт құрылымын дамытудың ауқымды жобалары жүзеге асырылып келеді.

Бүгін бағдарлама аясында Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері ел игілігіне табысталды. 

Спорт кешендерін бүгін ауданда жұмыс сапарымен болған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев арнайы ашып, тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Сыр спортындағы жаңалықтарды жеткізді. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз», - деген болатын. Бұл бағытта облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалуда. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылды. Халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» салынуда. Нысан биыл мамыр айында пайдалануға беріледі. Жақын күндері Қызылорда қаласында 19 млрд. теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» және 2 млрд. 900 млн. теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Қармақшы ауданында спорт саласындағы жұмыстар жолға қойылған. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектептерінде 3 мыңға жуық жастар мен жасөспірімдер спорттың барлық түрлерімен тұрақты шұғылдануда. Өткен жылы аудан спортшылары республика чемпионаттарында 18 алтын, 25 күміс, 18 қола, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола, Әлем чемпионатында 1 қола медаль иеленді. Халқымызда «Дені саудың - жаны сау» деген жақсы сөз бар. Сыр елі жастарының спортпен шұғылданып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі спорт нысандарының тигізер үлесі зор. Бүгін ашылған жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болсын», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Салтанатты іс-шара барысында қоғам қайраткерлері, Қызылорда облысының Құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов пен Биғали Қаюпов құттықтау лебіздерін жеткізіп,  спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. 

Жаңадан ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешендері 120 адамға арналған. Кешендерде қазақ күресі, дзюдо, шахмат және тоғызқұмалақпен шұғылдануға арналған жаттығу залдары бар.