Ұлттық балаларды оңалту орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға медициналық және оңалту қызметтерінің сапасын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Орталықта бірнеше ай бойы жаңа заманауи жабдық жұмыс істеп, балалардың денсаулығын нығайтуға көмектесіп жатыр. Бұл «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба инклюзивті білім беру, денсаулық сақтау және барлық азаматтар үшін инфрақұрылымға қолжетімділік жағдайларын жасауды қамтиды. Жыл сайын Ұлттық балаларды оңалту орталығында 600-ге жуық бала ем алады, ал осындай ерекше кеңістіктің ашылуы олардың сауығу сапасын айтарлықтай жақсартады.
Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Сұлухан Куандыкова он жыл бойы ұлын осы орталыққа емдеуге алып келеді. Жол-көлік апатынан кейін оның баласы сал болып қалған. Алайда оңалту шаралары мен жаңа технологиялардың арқасында баланың жағдайы біршама жақсарды.
«Орталық жыл сайын заманауи жабдықтармен толықтырылып, емдеу шараларының сапасы артып келеді. Бүгінде ұлым өздігінен жүре алады, бұл – үлкен жетістік. Біз нәтижелерге өте ризамыз», – деді ол.
Спелеокамераның ашылуына Ідіріс Орынбасар атындағы жеке қордың қолдауының арқасында қол жеткізілді. Демеушілердің көмегімен орталықта фитобар мен балалар алаңы ашылып, роботтандырылған оңалту зертханасы үшін цифрлық жаттықтырғыш сатып алынды.
Сонымен қатар жақында орталықта Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен цифрлық заманауи жабдықтармен жабдықталған постурография кабинеті ашылды. Бұл құралдар церебралды сал ауруы және аутизмі бар балаларды оңалтуға арналған, бұл емдеу тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, заманауи жабдық баланың оңалту барысын әр кезеңде бақылауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер иммунитетті нығайтуға арналған жабдықтар мен процедуралардың маңыздылығын атап өтті, өйткені иммунитеті төмен балалар түрлі инфекциялық ауруларға бейім болып, оңалту үдерісін баяулатады.
Өз кезегінде партия мүшелері инклюзивті білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған түрлі жобаларды биыл да жалғастыратындарын айтты.
«Ерекше қажеттіліктері бар балалардың оңалту мүмкіндіктерін кеңейту – бұл біздің міндетіміз ғана емес, сонымен қатар борышымыз. Біз оларға сапалы қызметтерге қол жеткізуге және қолайлы жағдай жасауға бар күшімізді салуымыз керек. Біздің сайлауалды бағдарламамыз аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету үшін жаңа ұйымдар желісін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл – аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, мүгедектіктің алдын алу мақсатында патологияларды ерте анықтау орталықтары және аудандық деңгейдегі оңалту орталықтары», – деді «AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалының төрайымы Сәнира Жүсіпова.