Мемлекет басшысы бұл бастама жан-жақты пысықталуы керек екенін айрықша атап өтті.
Мәулен Әшімбаев: Қосымша құн салығының мөлшерлемесі кәсіпкерлердің пікірін ескеріп қабылданады
354
оқылды

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтқан ұстанымы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Оның айтуынша, бүгін Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, қазіргі жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында ел алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді.

 «Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан дәстүрлі тәсілдерді қайта қарауды және ескірген стереотиптерден бас тартуды талап ететін жаңа дәуірге қадам басты. Осы орайда экономиканы нығайту арқылы еліміздің өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Сондай-ақ кездесуде ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс екені айтылды. Осыған байланысты Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауды үнемі назарда ұстау міндеті жүктелді», - деп жазды Мәулен Әшімбаев  Facebook желісінде.

Президент қоғамда қызу талқыланған қосымша құн салығының мөлшерлемесіне қатысты мәселеге де ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы бұл бастама жан-жақты пысықталуы керек екенін айрықша атап өтті. Іс-шарада айтылғандай, қосымша құн салығы әртүрлі сала үшін мұқият саралануға және оның жоғарғы шегі тым жоғары болмауға тиіс.

Осы мәселеге байланысты түпкілікті шешім білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің және депутаттардың пікірлері ескеріле отырып, қабылданатын болды. Сондықтан алдағы уақытта бизнеске қолайлы жағдай жасайтын, сонымен бірге салық жүйесіндегі тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын оңтайлы шешім қабылдауға баса мән беріледі. Бұл жұмысқа Сенат депутаттары да өз үлесін қосады.

«Экономиканы жаңғырту жолында банк секторының рөлі аса маңызды. Сол себепті, Мемлекет басшысы қаржы институттарын нақты секторды дамытуға инвестиция салуға, несиелеудің жаңа тетіктерін енгізуге және кәсіпкерлерді қолдауға шақырды. Президентіміз белгілеп берген міндеттерді іске асыру Қазақстанға өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтауға және нығайтуға, орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға тың серпін беретіні анық. Сондықтан Сенат аталған бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету үшін белсенді жұмысын жалғастыра береді. Алдағы уақытта мемлекет пен бизнестің серіктестігі одан әрі нығайып, экономиканы жаңғырту жолындағы бірлескен күш-жігер елдің өркендеуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.