Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, көпті толғандырған мәселелерді талқыға салды. Әсіресе, Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
Мәселенің мәнісі
264
оқылды

Бұл – өзекті мәселе. «Былай тартса, арба сынатын, былай тартса, өгіз өледі» дегендей ахуал қалыптасты.

Мемлекет басшысы аса маңызды мә­селеге өте байыппен қарап, өз пікірін білдірді.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Эко­номика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім ке­леді. Қалай десек те, қосымша құн са­лы­ғының мөлшерлемесі сараланып бел­гіленуге тиіс, – деді.

Жауапкершілік пен шешім қабылдау тарапында Президент Үкіметке бірқатар еркіндік пен мүмкіндік беріп отыр.

– Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білік­ті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабыл­дағаны дұрыс, – дей келіп:

– Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағ­дайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутат­тармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан, бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәр­тіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Президент.

Сайып келгенде Мемлекет басшысы ақылға қонымды шешім қабылдауды Үкімет алдына қойды. Ендігі әрекет қалай болады? Оны уақыт көрсетеді.

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты