Жақында Түркияның мәдени астанасы Ыстанбұл қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркия театрлар қауымдастығы және Түркияда шығатын «Театр» газетінің ұйымдастыруымен түркі елдерінің театр қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Думан Рамазан – үздік драматург
472
оқылды

Оған дүниенің түкпір-түк­пірінен келген құрметті қонақтар, Түркияның белгілі театр саң­лақ­тары қатысты. Театр өнеріне қа­тысты әр аталым бойынша же­ңімпаздар анықталып, жүлделер тапсырылды. Осы халықаралық мәртебелі байқаудың Әділқазылар алқасының шешімімен Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, белгілі жазушы-драматург Думан Рамазанға «Түркі әлемінің ең үздік драматургі» атағы берілді. 

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының бас хатшысы Сұлтан Раев сөзінде бұл мәртебелі атақ­тың Думан Рамазанға берілгенінің себебін түсіндірді. 

– Думан Рамазанның дра­маларымен бұрыннан таныспын. Ол – драманың қыр-сырын жетік білетін, ой-орамын тереңдеткен мықты драматург. Тарихи тақы­рыпты да, заманауи тақырыпты да әбден зерттеп-біліп жазады. Ішкі қарама-қайшылық пен эпикалық шиеленісті ерекше бір жүйелі стильде баяндайтын айқын ар­тық­шылығы бар. Думан – қазақ драматургиясындағы ерек көрі­ніс, эстетикалық құбылыс, жаңа белес. Оның соңғы жылдары ұлт­тық сахнада жасаған тарихи по­лотнолары бүгінгі театрдың биі­гіне сайма-сай. «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Жо­шы хан» және басқа да тарихи драмаларында ұлттық құндылық­тар мен дәстүрлерге деген тарихи көзқарасты қапысыз бейнелеген. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы ұлттық драма театрының сах­насында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы қазақ мә­дениетіндегі жаңа кезеңнің бас­талғанын паш етеді, – деп жоғары баға берді С.Раев. 

Салтанатты жиында драма­тургке беделді дәрежені халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, әйгілі жазушы-дра­матург Сұлтан Раев және «Театр» еларалық басылымының бас ре­дакторы, атақты театр сын­шысы Нұрхан Услу тапсырды. 

Әсемай РИНАТҚЫЗЫ