Жастардың саламатты өмірі спортпен байланысты екені мәлім. Сондай-ақ қай жаста болмасын спорт арқылы чемпиондық деңгейге жетуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Астанадағы «Алау» мұз айдыны – еліміздегі қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған ең таңдаулы кешендердің бірі. Заманауи инфрақұрылымы мен жоғары деңгейдегі қызмет көрсету сапасының арқасында бұл кешен халықаралық стандарттарға сай келетін беделді спорттық орталыққа айналды. «Алау» көпфункционалды кешенінде жастар мен жасөспірімдерге қажеттінің бәрі бар. 400 метрлік жылдамдық жолағы коньки құмар жандар үшін таптырмас мүмкіндік десек болады. Мамандардың айтуынша, арнайы технологиялар негізінде жабдықталған мұз жабындысы әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық жауап бере алады. «Алау» – мұз айдыны ғана емес, халықаралық жарыстар өтетін алаң. Мұнда Азия ойындары, Дүниежүзілік Қысқы Универсиада, Жылдамдықпен коньки тебу бойынша Әлем кубогының кезеңдері, Қазақстан чемпионаттары өтті.
Бүгінде мұз кешенінде тәжірибелі мамандардан тәлім алып жүрген жасөспірім спортшылардың қатары күн санап артып келеді. Солардың бірі – 16 жасар Жанарыс Мағжан. Ол жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орын иеленген және қазір шорт-трек спортындағы мықтылардың қатарында. Алдына таудай мақсат қоя білген Жанарыстың арманы көп.
«2-сыныпта оқып жүргенімде бапкеріміз мектепке келіп, бізді осы спорт түріне шақырды. Қызығып, ата-анама шорт-трекке қатысқым келетінін айттым. Олар бірден қолдау білдіріп, мені «Алау» спорт кешеніне әкелді. Содан бері осы жерде жаттығып келемін. Командалық есепте ел чемпионатында жеңіске жеттік. Келесі жылы әлемдік ареналарда бақ сынағым келеді», – дейді ол.
Оның шорт-тректегі ең сүйікті, үлгі тұтатын спортшысы – ұлттық құрама капитаны Денис Никиша. Олар бір бапкерден тәлім алған. Жанарыс жарыс маусымы басталғанға дейін физикалық дайындықты арттыруды мақсат етіпті. «Егер физикалық дайындықты күшейтпесек, ересектер қатарына қосылғанда қиындық туындауы мүмкін» дейді. Оның айтуынша, ақпан айының соңында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді.
«Шорт-трек – тактикаға негізделген спорт. Қарсыластарды жеңу үшін әртүрлі стратегия қажет. Әр жарыстың алдында қарсыластарымыздың стилін зерттеп, тактикалық дайындық жүргізу өте маңызды. Бұл спортқа қызыққан жас спортшылар алдына нақты мақсат қойып, барлық жаттығуларды орындауы керек», – дейді болашақ чемпион.
«Алау» мұз айдыны чемпиондыққа апарар жол екені даусыз. Осы жолдан шығып, әлемді бағындыратын мұздағы мақтаныштарымыз көп болсын!
Әлихан АЙТБАЙ,
Қ.Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік
университетінің 2-курс студенті