Әнші, «МузАрт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев Мақпал Жүнісованың сынына жауап берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Дулат Исабеков әкеміздің «Гауһартасында» айтады ғой. Қыздардың шапалақпен ұрғаны майдай жағады деп. Сол сияқты әпкелердің, ағалардың сын айтқаны, ұрысқаны бізге майдай жағады. Елдегі ірі қалалардың студиясына бас сұғып жүрміз. Біздің студия – алдыңғы шептегі студияның бірі. Өте жақсы, жайлы. Барлық мүмкіндік бар. Біздің студиямыздың кіреберісінде автомат ойнайтын ойынхана бар. Ол бізге тиесілі емес. Сол жерлерде әпкемізге ыңғайсыздық туындаған шығар. Оған бәрі жарасады, жақсы көреміз, құрметтейміз. «МузАрт» тобының студиясына келсек, дауыс жазуға барлық жағдай жасалған. Біздің екінші үйіміз деп айтуға болады. Мақпал әпке – ақкөңіл адам. Мақпал әпке бізге жамандық ойламайды. Біздің де ниетіміз сондай. Бізге қол көтерсе де, Мақпал әпкемізді қолымызға салып, аялап жүреміз», - дейді Сәкен Майғазиев "1001 түн" бағдарламасында.
Айта кетейік, әнші Мақпал Жүнісова «МузАрт» тобының студиясына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтып, сынаған болатын.