Алматылық шебер Марат Бексұлтанов ерекше киіз үйлер жасайды, – деп хабарлайды 24kz. Арна тілшісінің мәліметінше, дәстүр мен инновация үйлесім тапқан бұл киіз үй қолданысқа ыңғайлы, жылы, жарық, әрі оны құрып, жинау өте оңай.
Бір қарағанда заманауи қазақ үйдің көз үйренген дәстүрлі киіз үйден айырмашылығы байқалмайды. Керегесі бар, уығы тартылған, шаңырағы орнында. Шебер дәстүрді бұзбай, ата-бабамызға тұрақ болған үйді аса ыждахатпен жасап шыққан. Ерекшелігі, диодты жарық енгізіліп, жылу ұстайтын есік-терезелер орнатылған. Киіздің иісін ұнатпайтындар үшін сыртқы жабдығын ылғалға төзімді материалдан жасапты, – дейді арна тілшісі.
Киіз үйді 20 минутта құруға болады екен. Қолшатыр сияқты жиналатын киіз үйді тасымалдау да оңай. Заманауи киіз үйді жасауға бір ай уақыт кетіпті.
Инновацияның пайдасы көп, себебі жарық түседі ерекше түр береді. Жылу сақтайды. Оның ерекшелігі, бүкіл элементтері кереге, уық, шаңырақ бір-бірімен буындап қосылған. Сонда адамның мүшесі сияқты қимылдап жиналады да, бұзылады, бір конструкция ретінде, – дейді киіз үй жасаушы шебер Марат Бексұлтанов.
Он саусағынан өнер тамған шебер жігіт өзі ойлап тапқан инновациялық әдісін патенттеп алған. Айтуынша, өзі Ресейде туып-өскен. 90-жылдары Қазақстанға көшіп келіп, осы жерде жоғары білім алады. Ірі компанияда байланыс инженері болып жұмыс істейді. Кейіннен ұсталыққа бет бұрып, қолөнерге ден қояды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз