Қазақстан кореялық компанияларды бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.
Мұрат Нұртілеу Оңтүстік Корея елшісімен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Сыртқы істер министрлігі
770
оқылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ-Икпен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сұхбаттасу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына баға беріп, екі елдің үкіметтері, парламенттері мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ниетті екенін білдірді.

Министр М.Нұртілеу Астананың Сеулмен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға берік ұстанымын растады және өнеркәсіп, энергетика, жер қойнауын пайдалану, көлік, денсаулық сақтау және т.б. салалардағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілеріне назар аударды.

Сонымен қатар қазақ тарапы кореялық компанияларды бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды және осы бағытта барынша көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз тарапынан корей дипломаты саяси диалогты жалғастырудың әрі биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекетаралық ынтымақтастықты арттыруға өзара қызығушылық білдірді және екіжақты мен көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша байланыстарды қолдауға уағдаласты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.