Заң шығарушылар DeepSeek-тің қауіпсіз екеніне сенбейді. Мемлекеттік органдарда оны қолдану ұлттық қауіпсіздікке зиянды екені айтылуда. Оның Шығыс пен Батысқа қандай қатысы бар?
Жаратушы ие қиямет күнінде Аспан мен Жерді қоспайынша, Батыс пен Шығыс бір-біріне жақындамайды
Ағылшын суретшісі John Bagnold Burgess «Шығыс пен Батыстың кездесуі». Фото wikioo.org сайтынан алынды
2,129
оқылды

Quartz сайтының хабарламасына сүйеген Aikyn.kz қытайлық ЖИ чат-ботына тыйым салу жөніндегі ұсыныстарды талдайды.

Аустралияда DeepSeek өнімдері, қолданбалары мен қызметтері ұлттық қауіпсіздік негізінде мемлекеттік жүйелерден алынып тасталды. Иллюстрация vietnam.vn сайтынан алынды

Заң шығарушылар мемлекеттік мекемелердегі құрылғыларда DeepSeek жасанды интеллект жүйесін қолдану қауіпті екенін айтады. Жақында Аустралия үкіметі шенеуніктерге жеке құрылғылары мен желілерде DeepSeek чат-ботын қолдануға тыйым салды. Енді АҚШ Конгресінің мүшелері де осындай қадамға баруға дайындалуда.

Қытайлық DeepSeek AI стартапы Apple App Store дүкенінде ең көп жүктелетін қосымша ретінде, бірінші орынды иеленді. Ал Кремний алабындағы технологиялық алпауыттардың акцияларының құнын түсіріп, дүрбелең туғызды. Бұл туралы Aikyn.kz   «Американың технологиялық алпауыттары қытайлық шағын зертханадан қорқып, инженерлерін «соғыс бөлмесіне» жинауда» және  «Ұлттық қауіпсіздік кеңесі қытайлық зертхананы тексеруді бастады» атты материалдар жариялады.

Америкалық заң шығарушылар да қытайлық ақылды жүйеден туындаған қауіптің алдын алып, үкіметтік құрылғыларда бұл қолданбаға тыйым салуды ұсынып жатыр.

Конгресс мүшесі нью-джерсилік демократ Джош Готхаймер: «Менің ойымша, біз барлық үкіметтік құрылғыларда DeepSeek-ке дереу тыйым салуымыз керек. Дұшпандарымыздың біздің үкіметтен ақпарат алуына жол бермеу үшін біз дереу әрекет етуіміз керек», – дейді.

Ол бейсенбі күні (6 ақпанда) Конгресс қарауына енгізілетін үкіметтік құрылғыларда DeepSeek-ке тыйым салу туралы екі партиялық заң жобасының тең авторы.

Конгресс мүшесі Джош Готхаймер: «Барлық үкіметтік құрылғыларда DeepSeek-ке дереу тыйым салуымыз керек». Фото apnews.com сайтынан алынды

АҚШ-тың заң шығарушыларының бұл әрекеті Аустралияның осы аптада үкіметтік құрылғыларда, желілерде және компьютерлерде DeepSeek-ке тыйым салу бойынша қабылдаған шешімінен кейін тіркелді. Аустралияның ішкі істер министрі Тони Берк сейсенбіде (4 ақпанда) барлық DeepSeek өнімдері, қолданбалары мен қызметтері ұлттық қауіпсіздік негізінде мемлекеттік жүйелерден жойылатынын мәлімдеді.

«ЖИ – бұл әлеует пен мүмкіндіктерге толы технология, бірақ біздің агенттіктер ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді анықтаса, үкімет тартынып қалмайды», – дейді Берк.

Бұдан кейін АҚШ Конгресі де Қытайда жасалған технологияға қатысты осындай алаңдаушылық білдірді. TikTok АҚШ-та тыйым салу алдында тұр, ал қытайлық TP-Link маршрутизаторлары да қауіпсіздікке байланысты алаңдаушылық туғызуда. Қауіпсіздік саласының мамандары да бұл қадамды құптауда.

«DeepSeek-ті пайдаланатын тұтынушылар деректердің ұрлануынан сақтануы керек. DeepSeek моделі Батыс үшін TikTok-пен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті, зияткерлік меншікке де зиянды», – дейді Invisible Technologies компаниясының аға вице-президенті Вес Грин.

Редьярд Киплинг: «Аспан мен Жер қосылмайынша, Шығыс пен Батыс бір-біріне жақындамайды». Сурет wink.ru сайтынан алынды

Әрине, әрбір технологияның өзіндік сын-қатерлері бар. Дегенмен Батыс Қытайдың өсіп келе жатқан қуатынан қорқып, шығыстың барлық өніміне күмәнмен қарай бастаған. Киплингтің сәуегейлік сөздері рас болғаны ма: 

«О, Батыс – Батыс, Шығыс – Шығыс. Олар Жаратқан иенің қиямет күнінде Аспан мен Жер қосылмайынша, бір-біріне жақындамайды».

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.