Қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жамбыл облысында полиция қызметкері ауыр қылмысты жасырған
1,739
оқылды

Жамбыл облысының прокурорлары ауыр қылмысты жасыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Заң және Тәртіп» қағидатына сәйкес Жамбыл облысының прокуратурасы қылмыстық қудалау органдарында есепке алу-тіркеу тәртібінің сақталуына ерекше назар аударады. 

Мәселен, прокуратура өкілдері Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты ҚК-нің 433-бабының 2-бөлігімен ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

- Қылмысты жасыру аудан аумағында орын алған 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арызды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай реестріне тіркемеу арқылы жүзеге асырылған. 

Жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру). 

Күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған қатысты сотпен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды, – делінген ақпаратта.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. 

Прокуратура құқық бұзушылықтарды тіркеу кезінде есепке алу-тіркеу тәртібін сақтаудың маңыздылығына баса назар аударады және қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін ескертеді.