Өз ісіне берілген жан
Айтуынша, ота жасатқаннан кейін денсаулығына байланысты тігіншілікке оралған.
– Алғаш мекемеге келгенімде асханада төрт жылдай істедім. Өзім училищені тәмамдаған соң Астанадағы тігін фабрикасында жұмысқа орналасып, 10 жылдай тігінші болдым. Сөйтіп, қарттар үйіне келгенде де бірінші тігіншіліктен бастадым. Артынан қосымша қызмет ретінде 4 айдай асханада істедім. Кейін 10 жыл «сестра-хозяйка», 14 жыл шаруашылыққа жауапты едім. Денсаулығым нашарлап ота жасаттым, салдарынан ауыр жұмыстан тігіншілікке ауыстым. Тігіншілік жаныма жақын. Бір бастасаң әлгі тапсырысты бітірмей, тыным таппаймын. Қарттардың қуанышын көріп, еңбегің бағаланғанын түсінесің, – дейді Алмагүл Серікқызы.
Ол кісі күні бойы осы қызметінде. Қызмет алушылардың киімінің етек-жеңін қысқартып, реттеп береді. Арасында шығармашылықпен айналысатын қарттардың концерттік бағдарламасына, қандай да бір сайысына қажетті киімдерді тігіп, дайындайтыны тағы бар.
«Тігін тігіп жатқанымда қызметкерлердің біреуі жұмыста алаңдатса қарамаймын. Ал қызмет алушылардың біреуі келсе, істеп отырған жұмысымды тастап, соларды тыңдаймын. Кейде киімнің жеңін, етегін қысқарту секілді жеңіл жұмыстарды бірден істеп тастауды жөн көремін. Өйткені кейбір қарт кісілер күткенді ұнатпайды, не дұрыс түсінбейді. «Шамалы ғана жұмыс, соны істеп бере салса, несі кетеді?! Енді күтіп тұрамын ба?!» деп шығады. Сондықтан бірінші орында – қызмет алушылар» деген тігінші кейде орнынан тапжылмайтынын айтты. Қызмет алушының көркем шығармашылыққа қатысатындары аяқасты корей биін билейтін болып, таңға дейін бел жазбастан толыққанды үш киім тігіп берген.
Әкесінің зейнетақысын алып қойып жүрген ұл кейін өзі қарттар үйіне түсті
«Сестра-хозяйка» дегеніміз қазіргі шаруашылыққа толығымен жауап беретін меңгеруші деуге келеді. Мекемеге келген қызметшіні орналастырып, тілін тауып, жуындырып, киіндіргені былай тұрсын, қаншама адамды басқарған Алмагүл Серікқызының айтуынша, оны бұл қызметке орталықтың бұрынғы басшысы Яков Яковлевич ұсынған.
– Ол кісі мені бірден «сестра-хозяйкаға» шақырды. Басында істей алам ба, істей алмаймын ба деп қорықтым. Қаншама адамды басқарасың, келіп түсетін хаттың өзі бір бума, оны қарайсың. Шаруашылық бойынша ши шықпауы керек. Әрине, бас кезінде қиналдым, бірақ соған қарамастан жұмыс істедік. Өзім жаспын, әрбір қартқа өзінше жол тауып, тіл табысуың қажет. Өзіміз психолог, өзіміз социолог едік. Қазіргідей емес, ол заманда ондай қызметтер атауымен болмады. Үйден келген қариялар әйтеуір ұшарын жел білетін, қонарын сай білетіндер секілді үркіп тұрмайды. Әрине, үйреніскенше үрпиіп, бұл жерде жатсынуы мүмкін. Әйткенмен ішімдікке салынып, үй-күйі жоқ қызмет алушылардың бабын табу өте қиын. Іштегі тәртіпке бағынғысы келмей, біраз қиғылық салады. Ақыр аяғы тағдырына мойынсұнады. Істер айлаң бітіп, тауың шағылып, жылап та алғанбыз, – дейді тігінші Алмагүл Әбілдина.
Ол кісі өмір жолында кездескен әр адамның оған берері, үйретері көп деп санайды. Соның бірі – 92 жастағы қария, өзі – Ұлы Отан соғысының ардагері. «Оқиға осыдан 29 жыл бұрын болған. Ол кезде «сестра-хозяйка» қызмет алушының ақтық сапарға шығарарда жуындырады. Әлжанов деген қария «Балам, мен сені ақыретке қалай түсу керегін, қалай жуындыру керегін көрсетейін» деп біраз дүниенің дұрыс-бұрыстығын көрсетіп өтті. Шындығында, мені біраз нәрсеге үйретті. Отырған жерімде осы қарияны аузымнан тастамаймын», – деген ол қарттың мекемеде 8 жылдай тұрғанын айтты.
Оның айтуынша, қария 92 жасында дүниеден өткен. Қарттар үйіне біразға дейін үйренісе алмаған. Бірде көңілі құлазып отырғанда Алмагүл Серікқызына сырын тарқатып, айтып берген.
– «Өзім Ерейментауданмын, төрт ұлым бар, қызым жоқ. Кемпір дүниеден өткеннен кейін, әкімдік арқылы осында түстім. Балаларымның тәрбиесі нашар, ішімдік ішеді. Олармен тұра алмаған соң келдім ғой» дегені бар қарияның. Есімде қалғаны, әлгі қарттың бір баласы оған келіп тұратын. Сырт көзге-ақ оның ішімдікке салынғаны байқалатын. Соған қарамастан ұлы таксимен келіп-кететін, ал оның ақысын әкесі төлейтін. Бүкіл зейнетақысын қалтасына басатын. Ол кезде қызмет алушы зейнетақысын толығымен өзі алатын. Онда да «біраз ақша жиналып қалды ау» деп 6-7 айда бір келеді. Қария ұлының бұл әрекетін білсе де, зейнетақысын баласына жинап отырады, – дейді ол.
Алмагүл Әбілдин ол кезде жас. Ал әлгі қарияның ұлы 50-60 шамалар жасында болған.
«Ұлының бірнеше рет келіп-кеткенін сыртынан байқадым. Бірде әлгі кісінің қасына барып «Аға, келесіде құр қол келмеңізші, әкеңіз жақсы адам. Бірдеңе ұстай келіңіз» дедім. Оның ақшасы жоқ екенін түсінсем де, ойымды айтып салдым. Бірақ ол кісі сөзімді жерге тастамады. Әкесінің ақшасына алса да, дүкеннен ұсақ-түйегін әкеп берді. Кез келген ата-ана баласының кішкентай ғана шарапатына қуанады емес пе? Атамыздың қуаныштан төбесі көкке жетті. Сөйтіп, ұлы біздің тіркеу бөліміне өзінің мекенжайын жазып кетті.
Өмірден өткеннен кейін хабар беру үшін әлгі мекенжайға хабарласып, оны таба алмадық. Ол онда тұрмайтын болып шықты. Сол кезеңде біздегі бас есепші Ерейментау жақтікі болатын. «Алда-жалда дүниеден өтсем, осы кісілерге хабарласыңдар, олар – менің көршілерім. Мені қояды, өзім тапсырып кеткенмін» деп қария үнемі айтып жүретін. Суық хабарды көршілері естігенде, сөзге келместен бірден қарттың мәйітін алып, кемпірінің қасына жерледі. Марқұм атамыздың аманатына қиянат жасамады. Өзі көрші-қолаңына, ауылына сыйлы болған.
Бір жылдан кейін оны ұлы іздеп келді. «Неге хабар бермедіңдер» деп те ренжіді. Көрсетілген мекенжайы бойынша таппағанымызды түсіндіріп едік, жылап-жылап біраз отырып, кетіп қалды. Кейін қарияның сол баласы дәл біздің қарттар үйіне инсультпен түсті. Қызмет алушылар да, қызмет ететіндер де бәрі оны жақсы біледі. Бірі болмаса, бірі «әкеңе істегенің өзіңе оралады» деп айтатындар болды. Неге екенін білмедім, әйтеуір бізде көп болмай, басқа жаққа ауысып кетті. Ыңғайсызданған болар, кім білер?», – деп өткен күндерді еске алды Алмагүл Әбілдина.
Он бір баласына сыймаған ана
Қарттар үйінде отыз жылға жұмыс істеген Алмагүл Серікқызы біраз тағдырдың куәсі болған. Ұрпағы қалмай, әйелі дүниеден өткен соң жалғыздықтан, шарасыздықтан келетіні барын жасырмады. Тіпті, кейбірі уайымы жоқ, мейірімді, көңілді көрінгенімен, жүрегі жаралы. Сырткөзге өзінің жан жарасын көрсеткісі келмейтіні қаншама?!
Айтуынша, кейбірі ағайын-туғаны болмаса да, жора-жолдастары немесе әріптестері іздеп келіп тұратын да қызмет алушылар бар. Десе де, көп қарт балаларының қолына сыймай, керексіз болуы – ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуінен деп санайды.
– «Бес саусақ бірдей емес», әйткенімен солардың арасында балаларына дұрыс тәрбие бере алмағандары жетерлік. Мысалы, 11 баланы өсіріп-жеткізген ана артынан ешкімге керексіз қалды. Он бір баланың біреуі анасын іздеп келмеген. Бізге түскенде жылап, балаларын сағынғанын айтады. 10 ұл, бір қызы бар екен. Жалғыз қызы Астананың қасындағы Ильинкада тұратынын, бес баласы барын біледі. Бірақ қолында нақты мекенжайы жоқ. Ол қызы оның қарттар үйіне түскенінен хабарсыз деген соң іздеп бардым, – дейді Алмагүл Серікқызы.
Кемпір ол кісіге он ұлының жағдайы жақсы болса да онымен барлық қарым-қатынасты үзіскенін айтқан.
– Ол кезде жолдасым да осы жерде істейді. Содан жолдасым екеуіміз әлгі қызды іздеп Ильинкаға бардық. Бес баланың бірі оқитын болар деп бірден мектепке тарттым. Жаз кезі, мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оқушылар жазғы демалыста. Директорға мән-жайды айтып бердім. Оларды таниды, қасымызға «жол көрсетіп жібереді» деп жоғарғы сыныптың оқушысын қосып жіберді, – деді ол.
Алмагүл Серікқызының сөзінше, қыздың тұрмысы нашар екендігіне көзі жеткен.
– Шынымен, қызының тұрмысы төмен, қуықтай үйді жалдайды. Оның үстіне қызы шешесінің қарттар үйінде екенін білмеген. Ол тұрмыс құрған соң, анасымен араласпай кеткен. Анасын ауылда тұрады деп ойлаған. «Біз оны бірден қарттар үйіне тапсырған жоқпыз. Әркім қолында ұстап көрді. Ашығын айтсақ, шешеміз бізге жақсы тәрбие бере алмады. Ішімдікке салынып, оларды ұрып-соққан. Біз кішкентайымыздан қиналдық, бір-бірімізді сүйреп өстік» деп ойындағысын қызы жайып салды. Оған деген көңілі қалса да «қандай болса да анаң, күнде жылайды, бір көрісіп қайтсаңызшы. Тамағы тоқ, киімі бүтін, емі бар. Сізді бір көріп, иіскесем дейді. Оның үстіне мамаңыздың қай жерде, қандай халде екенін көріп қайтасыз, аздап жинаған қаржысы бар. Жер алыпсыз, үйіңіздің қажетіне жарар», – деп ол оны келуіне көндірген.
Ертеңінде ана мен қыздың жүздесуін көргеннің бәрі жылаған. Сол кезде қыз анасын 4-5 күнге үйіне алып кетіп, оның мүшкіл жағдайына көзі жеткенін қалады. Сол кездесуден кейін қарт та жылауын қойып, бізге ризашылығын білдірді.
– Сол бір кездесуді ойыма алсам, көзіме жас үйіріледі. Апамыз палатасынан шығып, жылап келе жатты. Ал қызы арғы жақтан жылап, жүгіріп келіп, анасын құшағына алып, екеуінің еңкілдеп жылағаны бәрімізді елжіретіп жіберді. Әлгі жерде біз де ағыл-тегіл жыладық. Апамыз бар-жоғы бізде үш жыл ғана тұрды. Сол аралықта қызы келіп тұрды. Қартымыз көз жұмғанда да қызы өзі жерледі. Бірақ он ұлының бірі келмеді. Осының бәрі – тәрбиенің дұрыс берілмеуінен. Аз да болса балаларына уақыт бөліп, мейірімін бергенде он баланың біреуі болсын қарайласпай кетпес еді, – дейді Алмагүл Серікқызы.
«Бұл мекеме – менің екінші үйім»
Өмірінің тең жартысын осы мекемеде өткерген қызметкер Алмагүл Әбілдин «Бұл мекеме – менің екінші үйім» дейді. Қарттар үйінде бір өзі ғана емес, күйеуі де, қызы да жұмыс істеген. Тіпті, бір жылдары отбасылық ансамбль ретінде қарттарға концерт қойған.
– Өзім астаналықпын, жолдасым – Қарағандының тумасы. Мен – тігінші, ол жүргізуші ретінде осы мекемеге қызметке тұрдық. Тұрмысқа шығып кеткенге дейін қызым да қарттар үйінде жұмыс істеді. Жолдасым әнді жақсы орындайды. Бір жылдары отбасылық ансамбль құрып, осындағы қарттарға концерт қойғанбыз. Бұл мекен біздің екінші үйімізге айналды. Өмір жолым осылай өткеніне еш өкінбеймін. Өмірімді қайтадан бастауға таңдау болса, осы өмірімді қайта сүрер едім. Себебі, әрдайым адамдарға көмектескім келеді, – дейді Алмагүл Серікқызы.