Өңірде Әйелдер қанаты белсенділерінің "Әйелдер қанаты: қорытынды, перспектива, даму" атты кездесуі өтті. Онда жыл қорытындыланып, 2025 жылға арналған бағыттар айқындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Әйелдер қанаты: қорытынды, перспектива, даму" атты кездесуге 200-ден астам әйел көшбасшылар, сарапшылар мен белсенділер жиналып, негізгі жобалар мен бастамаларды талқылады.
Қазіргі таңда партияның 46 000 мүшесінің 60% әйелдер екен. Өңірдегі 20 филиалдың 8-ін әйел адам басқарады, 68% бастапқы партия ұйымдары олардың жетекшілігінде. Облыстық саяси кеңес бюросында әйелдер 40%, ал саяси кеңесте – 34%-ды құрайды. Яғни, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдер белсенді түрде атсалысып жүр.
«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Қостанай облысында тек бірлестік емес, өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады. Біз әйелдердің саясатта, бизнесте, ғылымда және әлеуметтік салада белсенділіктерінің артып келе жатқанын көреміз. Біз өз ұйымымыздың оларды осы жолда қолдап, әлеуетін ашуға және жоғары нәтижелерге жетуге көмектескеніне мақтанамыз», – деп атап өтті Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі облыстық мәслихат депутаты Аруна Жақсагулованың ұйымдастыруымен өткен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі болды. Әр ауданнан 100 оқушы спорттық жарыстарға қатысып, жеңімпаздар республикалық деңгейге жолдама алды.
Ғылыми сала да назардан тыс қалған жоқ. Депутат және профессор Гүлмира Дамбаулова «Ғылымдағы әйелдер» атты өңірлік форумына бастамашы болып, 200-ден астам қатысушы, оның ішінде жетекші ғалымдар мен депутаттар жиналды. Форумның нәтижесінде өңірдің әйел ғалымдарының ғылыми мақалалар жинағы шығарылды.
Әйелдер қанатының қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау. Қостанай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Басенова отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, қиын жағдайға тап болған отбасыларға заңдық және психологиялық қолдау көрсету мәселелерімен белсенді айналысады.
«Біз әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды жалғастырамыз және бұл бағыттағы жұмысымыз тек қарқын алуда. Әрбір әйел, әрбір ана өзінің жалғыз емес екенін білсе екен. Біз қиын жағдайда қалғандарға көмек көрсетуге, қолдау көрсетуге және қорғауға дайынбыз. Осы жылы біз бұл жұмысты кеңейтіп, тағы да көп мамандарды тартып, мүмкіндігінше көп отбасыларды қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Басенова.
Әйелдердің бизнес саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту, көшбасшылық әлеуетін дамыту және әлеуметтік бастамаларды қолдау – басым бағыттар болып қала береді. Маңызды қадамдардың бірі — «ЭлитОптика 2011» ЖШС және «Вералайн» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу болды. Бұл Қостанай облысындағы әйелдер үшін тегін медициналық қызметтер мен алдын алу бағдарламаларының аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Біз серіктестерімізбен ынтымақтастықтың көптеген әйелдерге пайда әкелетініне сенімдіміз. Өйткені денсаулық – әл-ауқаттың негізі және біз әрбір әйелдің сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін қалаймыз. 2025 жылы біз медициналық сауаттылықты арттыруға көмектесетін қосымша қолдау бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Гүлсара Жаманкулова.
«ЭлитОптика 2011» ЖШС жетекшісі Елена Яцкевич: «Біз Әйелдер қанатының бастамаларын қолдауға және әйелдердің денсаулығын сақтау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге қуаныштымыз. Біз үшін әрбір әйелдің, оның әлеуметтік жағдайы немесе тұратын орнына қарамастан, уақытылы білікті медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы маңызды. Біз осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз және Әйелдер қанатымен серіктестіктің тамаша нәтижелерге әкелетініне үміттіміз», – деді.
Әйелдер қанаты қайырымдылық жобаларын белсенді дамытып келеді. 2024 жылы «Баланы мектепке жинаймыз», «Балаңа уақыт арна!», «Балаларымыз – аманатымыз!» акциялары әлеуметтік осал отбасылардың балаларын қолдады.
Әйелдер көшбасшылығын дамыту «Томирис» жобасы аясында жалғасады. Биыл Қостанай облысынан 8 қатысушы ҚР Мәжілісінде тағылымдамадан өтті. 2025 жылы бағдарлама кеңейтіліп, әйелдерді саясатқа тарту мақсатында қосымша шаралар жоспарлануда.
«2025 жыл жаңа мүмкіндіктер жылы болады. Біз әйелдердің жоспарларын іске асырып, көшбасшылық рөлдер атқарып, қоғам өмірін жақсартуға ықпал етуіне мүмкіндік жасау үшін жұмыс істейтін боламыз. Әйелдер өз күштеріне сенімді болып, барлық деңгейде қолдау алып, өздерінің дауысы естілетініне сенімді болатындай жағдайларды қалыптастыру өте маңызды. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты әйелдерге табысқа жету жолында шабыт беруді, біріктіруді және қолдауды жалғастырады», – деп қорытындылады Гүлсара Жаманқұлова.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз