Бұл мақаламызды эссе форматымен жазсақ дейміз. Оның өз себебі бар. Біз Теміржан Базарбаевтың көзін көрдік, тәлімін алдық. Сондықтан жазбамыз біреудің сөзін оқып емес, өзіміз көзімізбен көріп, құлағымыз естіген әңгімесін жазбақпын.
Біз Теміржан ағаны өмірінің соңғы кезінде көрдік. 2004 жылы Семей музыка коллеждіне оқуға түскенде домбыра мамандығынан бөлек, «Сольфеджио» деп аталатын пән болатын. Қарапайымдап айтсақ, нота үйрену және сол үйренген нотаңды әндетіп айту сабағы. Нота сауаты, әліппесі десек дұрыс та шығар. Теміржан Базарбайұлы бізге осы пәннен берген.
Темкең 1935 жылы бүгінгі Жетісу облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіпті. Кейін ел ішінен таланттарды іздеп жүрген Нұрғиса Тілендиев бастаған топ балалар үйіне барыпты. Шетінен ән айтқызып, өнерін тамашалайды. Ішінен үш баланы іріктеп, «Алматыға барамыз, арнайы музыка мектебінде оқисыңдар» деп алып кеткен екен. Ат-арбамен келе жатқанда, үш тентек ақылдасып қашып кетпекке ниеттенеді. Екеуі үлгереді, ал бала Теміржан арбадан енді секіріп бара жатқанда Нұрғиса аяғынан ұстап қалады екен. Тем-ағаңның шәкірттерінің бірі Аймұханбет Бейсембеков: «Темкең осы кезді еске алып отырып, «сол Нұрғиса болмаса қазір кім болып, қайда жүруші едім» деп айтып отыратын» деген естелігі бар.
Алматыға жетіп, музыка мектебіне қабылданады. Кейін консерваторияда «композитор» мамандығында оқып шығады. 1961 жылы арнайы жолдамамен (шақыртуымен) Семейге жол тартып, Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінің ұстазы атанады. Өмірінің соңына дейін (2006 жыл) сол жерде қызметте болған.
Теміржан Базарбаев бізге бірінші курста сабақ бергенін жоғарыда жаздық. Шынын айту керек, оның кім екенін, қандай еңбегі бар екенін мүлдем білген емеспіз. "Әйтеуір қазақтың бір ақсақалы ғой" деп отыратынбыз. (Ол кезде Темағаң 70 жасқа келген кезі). Өзін таныстырғанда «Шәмші Қалдаяқовпен жатақханада бір бөлмеде тұрдық, бір тілім нанды бөлісіп жедік» деген еді. Сабақ бергенде қатал, бірақ әділ еді. Үй тапсырмасын жасап барсаң, лайықты бағаңды аласың. Сабаққа бармай, себепсіз қалсаң, ол кезде де айтар сөзі табылатын. Осылай бірнеше ай өтті де кетті.
Бір күні кітапханадан бір ән жинақты алып қарай бастадым. Парақтай бере өзімізге таныс екі ән қатар тұр екен. Бірі «Ауылым», екіншісі «Тамаша». Өзімше ақырындап әндетіп, сөздерімен қоса айтып шықтым. «Композиторы кім екен?» деп соңындағы мәліметін ашып қарасам, «әнін жазған Теміржан Базарбаев» деп тұр. Психологияда ма, әлде соған ұқсас ғылымда ма, бір принцип бар: «Сен жаныңда жүрген, күнде көретін адамнан ешқашан таңғажайып құбылыс күтпейсің, барлық мықтылар басқа жақта, сенің қасындағылар өзің сияқты қарапайымдар». Біз де «мынау до, мынау ре» деп үйретіп жүрген ұстазымыздан мұндайды күтпедік. Өзге ұстаздардан сұрап көрдік, рас екен.
Кейінгі сабақта әдейі бұл әндер жайлы сұрадым. Мардымды ештеңе айтпады. Мінезі сол еді. Мақтанбайтын. Қайта сұрадым. «Жинақта Базарбаев деп жазылып тұр ма, ендеше мен ғой шығарған, басқа не дейін?» деді де қойды.
Көп жыл Абай музейін басқарған Темкеңнің сырлас, мұңдас досы бола білген Төкен Ибрагимовтың бір сөзі еске түсіп отыр: «Теміржанның досы болған жоқ. Оның бір ғана шын досы болды. Ол – музыка, өнер. Тек өнермен шын достасқан адам ғана осындай әндерді шығара алатын». Рас сөз.
Келесі бір сабақта әлгі сұрағымызды тағы қойдық. «Шығарған әндеріңіз жайлы білсем деп едім» дедік төтесінен. Баяғыша «ол былай ғой» деп мақтанға салынбады. Елең етпей, ойланып отырып, «олар жайлы әңгіме көп қой» деді де, сәлден кейін «Қаздар қайтқанда» әніміздің характерін өзгертіп айтып жүр, біз ол әнді шығарғанда джазға қызығып жүргенбіз, сол ырғақта шығардық», – деді.
Теміржан Базарбаев қарапайым ұстаз емес еді. Өзі ізденген бағыттары көп болатын, тарих, саясат, мәдениет… әрқайсысына өзіндік пікір айтып отыратын. Тіпті ғарыш жайлы да айтатын ойлары қызық еді.
«Мен бір қызық нәрсе айтайын, – деп бастады бір күні әңгімесін. – Мына Жер, ғалам кезінде бір жарылыстан пайда болғанын білесіңдер ғой. Ал сол жарылыстан кейін, жаңғырық сияқты дыбыс қалып қойды десем сенесіңдер ме? Осы күнге дейін галактикада сол дыбыс шығып тұр. Нотаға аударсақ бұл «си бемоль» болады» деген.
Кейде ғарышкерлердің сұхбаттарын көріп отырып, «ғарыштан бір дыбыс естідім» дегенде, Теміржан Базарбаевтың осы бір сөзі еске түседі.
Темкеңнің халық арасында кеңінен танылған, бірақ авторы жайлы көп білмейтін бір әні «Атың кім, қалқа?»
«Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Темағаңның ең атақты әні – «Ауылым». Жалпы, музыка тарихында әуені мен мәтіні қатарласа, бір-бірінен озбай келетін шығармалар көп емес. Кейде әні керемет болғанымен, сөзіне көңілін толмайды. Енді бірде сөзі ғұмырлы болғанымен, әуені келте болып қалатыны бар. Ал, «Ауылым» әнінде бәрі де жарасымды.
Бұл үзінді бейне таспа «Семей» арнасының мұрағатында жатып, кейінгі жылдары Темағаңа арналған «Адам. Уақыт. Оқиға» бағдарламасында көрсетіліпті. Әңгіме «Ауылым» әнін Ришат Абдуллинге қалай алып барғаны жайлы өрбиді.
Кейіннен Ришат Абдуллин бұл әнді үлкен сахнаға тағы алып шыққан екен.
Теміржан Базарбаев (1935-2006) ғұмырында 200-ге жуық ән, симфония мен хорлар, кәсіби композитор жазатын барлық жанрларда шығарма жазып, өз қолтаңбасын қалыптастырып кетті. Артынан ерген шәкірттері Темағаңды аузынан тастамайды. Семейде жыл сайын «Теміржан Базарбаев атындағы музыка фестивалі» өтеді.
Биыл композитордың 90 жылдық мерейтойында тағы бір игі іс жасаса деген өтінішіміз бар. Теміржан Базарбаев 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жас Абай» операсын (либреттосын жазған Төкен Ибрагимов) жазған екен. Биыл да Абайдың 180 жылдығы қарсаңында «Жас Абай» операсы қайта сахналанса деген тілегіміз бар.
Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі