Түркістан облысында 27-ші ауыл ішімдік сатудан бас тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Рolisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысында жиырма жетінші ауыл тұрғындары алкоголь сатудан бас тартты, бұл құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке оң әсерін тигізеді. Себебі ішімдік сатылмайтын елді мекендерде соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Сарыағаш ауданының Мәдениет ауылында 1500-ге жуық халық тұрады. Учаскелік инспектор Мұрат Төлегенов атап өткендей, екі жыл ішінде елді мекенде бірде-бір қылмыс болмаған. Сондай-ақ полиция қызметкері құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізеді.
Жақында елді мекен "Ішімдіксіз ауыл" жобасына енгізілді. Ал бұл бастамаға жергілікті тұрғындар, ақсақалдар, белсенділер бірауыздан қолдау білдірді. Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е.Өсербаев алкогольден бас тарту дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізеді. Өз кезегінде аудан тұрғындарының мұндай қадамы – олардың қауіпсіз қоғамға деген ұмтылысын көрсетіп тұрғандай. Бұл әрине отбасылық құндылықтарды нығайтады, өмір сапасын жақсартады және полицияның жұмысына деген сенімін арттырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.