Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырғанына наразы екенін білдіріп, аштық жариялады деген мәлімдеме экс-шенеуніктің Facebook-парақшасында жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Мен аштық жарияладым. Әуел бастан-ақ өзімді кінәлі санамағанмын», - деп жазылған Мұхамедиұлының Facebook-парақшасында.
Ал ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сотталғанның қолында ұялы телефоны жоқ», - дейді комитеттен.
Ал оның атынан әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, А.Мұхамедиұлы 2023 жылы «мемлекеттің қаражатын жымқырды» деген айыппен 8 жылға сотталса, 2024 жылы «аса ірі көлемде пара бермек болды» деп айыпталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Экс-министр түрмеде жатса да, оның әлеуметтік желідегі парақшалары белсенді жұмыс істеп тұр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.