Іс-шара барысында Қазақстан мен Ресейдің екі жетекші сараптамалық орталықтары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму динамикасын талқылап, екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша сарапшылық диалогті тереңдету қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов екіжақты қарым-қатынастардың оң динамикасын және түрлі деңгейдегі кездесулердің тұрақты сипатына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі – Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың басты факторларының бірі.
«Заманауи жағдайда біз бір-біріміздің мүдделерімізді ескеріп, құрметтеуге ерекше назар аударуымыз керек. Теңдікке негізделген әріптестіктің басты қағидалары – өзара сенім мен ұлттық мүдделерді құрметтеу – жаңа мағынаға ие болуда», – деді Е.Тұқымов.
ҚСЗИ директоры 2025 жыл екі ел арасындағы әріптестіктің дамуы үшін маңызды мерейтой – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа 20 жыл толатынын еске салды. Бұл мерейтойға елдер тұрақты саяси диалогтің арқасында қалыптасқан тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастықпен жетті.
Е.Тұқымов Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық қарым-қатынастардың жаңа кезеңінде сараптамалық ынтымақтастықтың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Зияткерлік дипломатия бұл үдерісте ерекше рөл атқарып, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.