Ел басшысы мемлекет пен әрбір азамат үшін кез келген маңызды шешімдер біржақты емес, әрдайым бизнеспен, сарапшылар және депутаттармен талқыланғаннан кейін қабылдануы керегін ескертті. Себебі тек бір тараптан қабылданған шешімдердің соңы қоғамдық дауға ұласып жатыр. Халықты да түсінуге болады. Тірнектеп тапқан-таянғанына тоя жеп жүргені шамалы болғандықтан, ешбір нәрсе қымбаттамаса екен дейді. Табысты салық пен инфляция «жемеу» керек. Одан да экономикалық даму шараларын жүзеге асырған әлдеқайда тиімді болар еді.
Экономиканы әртараптандыру мен макроэкономикалық саясатты ұстану үшін алдымен осы екі ұғымды терең түсініп алу керек. Президент бағалағандай, кей экономистердің біліктілігінің төмендігі ел экономикасының баяу дамуына әсер етіп жатыр. Бұл ненің салдары? Кезінде көштен қалмайық деп жөн-жосықсыз экономика мен заңгерлік мамандықтарды жаппай оқудың кесірі. Әлбетте, мықты экономистер жоқ та емес және көп те емес. Алайда олардың көбі мемлекеттік қызметтен шет жүр. Ел дамуы үшін өз ойлары мен ұсыныстарын қанша айтса да ескеріліп жатқаны шамалы. Егер Үкімет ел ішіндегі сарапшы экономистердің ақылын пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді. Солай болмағандықтан макроэкономикалық саясат пен экономиканы әртараптандыруды дұрыстап іске асыра алмай келеміз.
Қазіргі құн салығына байланысты ұстаным халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, тауар өндірушілер мен сатушылардың саудасын «өлтіруге» әкеп соғады. Бұл – бір. Екіншіден, жоғары салық мөлшерлемесінен табысын жасыратын көлеңкелі бизнес көбейеді. Қазірдің өзінде банктік 100 аударымды бақылау басталады дегелі қолма-қол ақшамен айырбас жасауға жұртшылық өз еріктерімен көшіп жатыр. Ал қолма-қол айналымды үнемі бақылау мүмкін емес. Сол сияқты айыппұл мен салық түрлерінен қаймыққандар бизнестерін жаппай жауып тастауда. Президент елімізде неғұрлым кәсіпкерлер көбейсе, соғұрлым салық төлеушілердің көбейетінін айтты емес пе!? Мұны бизнестің дамуы мен халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы салық саясатын жүргізу деп түсінген жөн.
Бюджетті салық есебінен толтырғанымен, бәрібір шығыс азаймай, кіріс көбеймейді. Шығынды азайту керек. Ал кіріс көзін салық арқылы емес, салық төлейтін кәсіпкерлікті көбейту арқылы арттыру қажет.
Әлемде дамылсыз дамып жатқан мемлекеттер көп. Көш басында Қытай мен Үндістан тұр. Екі елдің халқы миллиардтан асса да, бәріне тамақ пен жұмыс тауып беріп, әлеуметтік және экономикалық мәселелерін оң шешіп келеді. Қытай сияқты Үндістанның да шығармайтыны жоқ. Адамзатқа не керектің бәрін жарысып шығарып жатыр.
Мәселен, Қытай ел экономикасын көтеру үшін азаматтарына 1 пайыз көлемінде несие беріп, бәрінің бизнеспен айналысуына жағдай жасаған. Соның арқасында Қытайдың тауар өндірушілік қабілеті артып, әлемдік рейтингте ішкі жалпы өнімнің 18 пайызын құрайтын дәреже жетіп, жетекші елдердің біріне айналды.
Ал бізде банктердің өсімі өте жоғары. Сондықтан да шағын кәсіпкерлік ортаға, орта кәсіпкерлік ірі бизнеске жете алмай жүр. Қосымша құн салығын өсіру де нарықта тек монополистерді қалдырып, қалғанын «жалмайды». Президенттің екінші деңгейлі банктерде қозғалыссыз жатқан активтерді бизнестің игілігіне пайдалануға бұру жайлы тапсырмасы да орындалмай келеді. Егер ауыл шаруашылығын қолдауда «Агробанкті» ашып, былайғы салалар бойынша халыққа төмен пайызды несие берілсе, бәрі оңалатын еді. Ауылдарды аралаған сайын кәсіппен айналысуға арзан несие сұрайтындардың қарасы қалыңдап жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Азаматтардың кәсіпкерлікке ынтасын арттырған «Ауыл аманаты» жобасы десек, әсте жаңылыспаймыз. Ал оның қаржысы жұрттың бәрін жарылқауға жетпей жатыр. Сондықтан өзге де төмен пайызды несие беріп, жұрттың жобаларын қаржылай қолдау қажет. Осы тетіктерді қалыптастырмай, біржақты салық салумен бюджеттің байып кетпейтінін түсіну керек.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикаға инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталды. Былтыр 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өңдеу ісінде ілгерілеу пайда болса, жалғастыру заңдылық қой. Бізде теміржол желілерінің біразы жекеменшікке өтіп кеткендіктен кей қалаларға инвесторларды тарту қиынға соғып жатыр. Сол үшін ең алдымен қай сала мен бағытқа болсын апаратын жолдарды жөндеу керек. Инфрақұрылым реттелмей, ешкім бизнеске беттемейді. Президент бастамасымен құрылған Инвестиция штабы бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтардың жойылып, кейбір жобаларды жылдамырақ жүзеге асыруға жол ашқан. Үкіметтің алдында тек «жекелеген» проблемаларды емес, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту міндеті тұр. Себебі инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруде кешеуілдететін әрекеттер кедергі болуда. Президент мұны мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы деп бағалады. Инвесторларды тартқанда да облыстардың жер көлеміне қарау керек. Халқы тығыз қоныстанған, жайылым тапшы ауылдардың айналасынан жер көлемін қажет ететін инвестициялық жобаларды жүзеге асырмау керек. Өйткені соңы дауға ұласып жатқан жайы бар. Ауыл адамдарының қаупі жайылымсыз қалудан бұрын, инвесторлар жұмыс істеп кеткен жерге шөп шықпай қалу қаупінен қорқады. Сондықтан жер көлемін көптеп керек етпейтін жобаларды жүзеге асыру қажет.
Мысалы, Еуропа, Қытай, АҚШ, Израиль сияқты елдерде жалпағынан емес, тігінен өсетін, мейлінше ат шаптырым аумақты қажет етпейтін ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге ден қойып жатыр. Екіншіден, қолда бар мал немесе егістіктен алған өнімді жергілікті жерде өңдеуді қолға алу қажет.
Соңғы отыз жылдан бері қоқыс өңдейтін зауыттарды іске қоса алмай келеміз. Ал басқа елдер пластик құтыдан жол салып, пакеттерді кленкаға қайта айналдырып сатып жатыр. Адамға керекті ұсақ-түйектің бәрін Қытай мен Үндістан шығарып, шағын және орта бизнесті дамытып та экономикасын көтеруде. Сондықтан бізге де аса қымбат ірі жобалармен қатар, дамыған елдердің орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту үрдісін үлгі ететін уақыт жетті.
Президент бюджет тапшылығын инвестициялық жобаларды іске асырып, табыс табу арқылы толтыру жолдарын атап өтті. Қалаға адамдар ауылдан екі қолға бір күрек таппағандықтан көшеді. Қаланың өзінде жұмыс аз, пәтер ақысы қымбат боп қиналып жүрген жандар аз емес. Зауыт, фабрика, цехтарды бірінші кезекте ауылдарда ашқан абзал.
Президент еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, оның ішінде литийді өндіру мен өңдеу әлеуетін көтеріп, салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуды, бұл істе шетелдік және отандық бизнесмендерді қолдауға шақырды. Өзіміз жайбарақат жүргенде Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келіп үлгерді. Мемлекет басшысының айтуынша, жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылған. Енді оның заңнамалық негізін Парламент сессиясының соңына дейін аяқтау керек. Президент өзінің жер қойнауын пайдалану саласындағы реформасының ешбір кедергіге қарамастан жалғасатынын кесіп айтты.
Қазіргі қабылданып жатқан шаралардың салқыны ішкі тұрақтылыққа тимеуге тиіс. Отандық өндірушілер өсіп-өнсін десек, өлтірместің амалын қарастыру қажет. Онсыз да шықпа жаным шықпамен өлместің күнін кешіп жатқан халық тарықпаса екен. Елдің есебінен көгерген мемлекеттен көгермегені тарихта көп болған. 0,13 пайыздық Қосымша құн салығымен әлемде алғашқы бестікке кірген Қытайға қарап тамсанғанып жүргенде, олар елімізге келіп мақта егіп екі есе өнім алып жатыр. Оларда 1 пайыздық несие алып, байымай қалмаған халқынан игерілмеген жер қалмаған. Оған себеп ірілі-ұсақты бизнесті түрлі салықтан аман сақтағаны екен.
Президент Қосымша құн салығының сараланған мөлшерлемесі бюджетті уақытылы және жеткілікті түрде толықтыратын мемлекеттің фискалдық мүдделері мен мұқтаждықтарды қолдау, сондай-ақ азаматтардың әртүрлі санаттарының төлем қабілеттілігін қолдайтын әлеуметтік міндеттемелерін, бизнес өкілдері үшін әсер арасындағы теңгерімді қамтасыз ететін экономикалық мүдделерін ескеру керектігін айтты. Қосымша құн салығы бойынша қоғамдық талқылау ашық әрі жариялы өтуге тиіс. Өйткені бізде науқаншылдыққа жол беріп, тек белгілі бір орталарда сол іске еш қатысы жоқ адамдармен талай талқылау өтіп кетіп, соңы тыныш аяқталмаған жағдайлар да бар. Салық саясаты экономикалық құлдырауға, бизнестің күйреуіне, бұқараның кедейленуіне әсер етпеуі тиіс. Әлемде алдымен бәрін дамытып, халықтың тұрмыс-халін жақсартып алып, салық жүйесін ешкімнің қалтасы мен жүйкесі жұқармайтындай етіп қалыптастырып, берекелі тірлік кешіп жатқан мемлекеттер бар емес пе? Халықтың бәрі кәсіппен айналысып, елдің тауар өндіру әлеуетін арттырған кезде, ол жүйе өзі-ақ қалыптасады. Сондықтан қазір салық пен айыппұлмен титықтайтын кезең емес.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты