Дирижер тұғырында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов. Ол бағдарламаны таныстырушы ғана емес, сонымен қатар кештің авторы әрі идеялық шабыт берушісі болып табылады. Шақырылған пианист Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Алтай Құсайыновтың өнер көрсетуі концерттің сәнін келтіреді.
- «ХХ ғасырдың симфониялық классикасы» концертінің бағдарламасы өткен ғасырдың музыкалық қолтаңбасының таңғаларлық сан алуандылығын көрсетеді. Осынау кеште ұсынылатын әрбір туынды – бұл әлемдік мәдениеттің бір бөлігі, сол дәуірдің адамдары бастан кешірген ойлар мен ұмтылыстар және өмір энциклопедиясы. Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық поэмасы айрықша орын алады, бұл – біздің ұлттық мақтанышымыз, қазақ халқы дәстүрлерінің музыка арқылы берілген көрінісі. «Қыз қуу» симфониялық скерцосы қиялды еліктіріп, тыңдармандарды ұшы-қиырсыз далада атпен шауып келе жатқан бойжеткен мен жігітті көз алдарына елестетуге мәжбүрлейтін керемет әрі анық дыбыстарға, түрлі бояулар мен жігерге толы, - деп әңгімеледі Айдар Әбжаханов.

Маэстро өз сөзінде Джордж Гершвиннің «Оркестр мен фортепианоға арналған блюз стиліндегі рапсодиясының» әсемдігі Сергей Прокофьевтің жарқын мәнерлілікке толы «Ромео мен Джульета» балетінен сюитамен үйлесімділікте бағдарламаға сан алуан мінез бен көп дауыстылық үстейтінін атап өтті.
– Дирижер ретінде мен үшін әрбір көрерменнің мәдениеттердің осынау таңғаларлық қарама-қайшылығын сезінгені, бірақ сонымен бірге музыка сыйлайтын бірлікті бастан кешіргені маңызды. Бұл Шығыс пен Батысты, өткен шақ пен келешекті, классика мен қазіргі заманды біріктіретін кеш, - деп атап өтті «Астана Опера» дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов.
Айта кетейік, театр сүйер қауым Айдар Әбжахановтың жобалары бірегейлігімен және жоғары көркемдік талғамымен ерекшеленетінін бірнеше мәрте атап өткен еді. Сондай-ақ оның шығармашылық қоржынында әлемдік балет репертуарынан көптеген қойылымдар бар. Маэстроның өзі джазды орындағанды ұнататынын жасырмады.
- Джордж Гершвиннің «Оркестр мен фортепианоға арналған блюз стиліндегі рапсодиясы концерттің қорытынды аккорды болады. Мен джаздың энергиясын көрсетіп, оны симфониялық дәстүрлермен біріктіргім келді. Мұнда фортепиано партиясын өзінің таңдаулы мәнерімен әрі асқан шеберлігімен белгілі қазақстандық пианист Алтай Құсайынов орындайды. Дәстүр бойынша жеке орындау оркестр үнімен бірге жарқын музыкалық калейдоскопқа ұласады, сондықтан бұл кеш көрерменді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын», - деп түйіндеді дирижер.