Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша Жылыой, Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласы маңындағы елді мекендерде бөгет нығайту жұмыстары жалғасуда.
Бір ғана Индер ауданында қазір 34,5 шақырымды құрайтын 9 бөгетті қосымша бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Индер аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шапағат Габбасов мәлім етті.
– Бүгінде Индербор кенті мен Елтай ауылдық округіндегі бөгеттерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Бөдене және Ынтымақ ауылында да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған 18 техника мен 25 жұмысшы жұмылдырды. Ал қалған Жарсуат, Өрлік, Есбол, Көктоғай, Құрылыс ауылдарында келісімшартқа отыру шаралары жасалуда,– деді Ш.Габбасов.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар тасжолы мен Индербор кентін байланыстыратын 7 шақырым жолды жөндеу жұмысының 90%-ы аяқталды. Онда төрт мал өткелі салынып, қосымша бір суағар құбырлары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.