Түркі баласы Абайды ұлықтауды бастады
Түркі баласы Абайды ұлықтауды бастады
294
оқылды
Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Халықаралық Түркі  академиясының ғылыми  кеңесінің ІІІ отырысы мен  Әзірбайжандағы Абай жылының ашылу сал­та­наты өтті. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері бас қос­­қан жиында академияның  бір жылғы жұмысының қо­­ры­­тындысы жасалып,  2020 жылға арналған жоспары бе­кітілді. Жиынға Әзірбайжанның Бі­лім министрі Джейхун Байра­мов, Халықаралық Түркі академиясы­ның басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев, Түркия Ұлттық білім министрлігінің білім және тәрбие кеңесінің төрағасы Бур­ха­нет­тин Дөнмез және Әзір­байжан Ғылым академиясы­ның прези­денті Рамиз Мехдиев қатысты. Сонымен қатар Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынба­са­ры Билал Чакыджы қатарлы түр­кі әлемі ұйымдарының жетек­ші­лері, Әзірбайжандағы Қазақ­стан, Қырғыз, Түркия және Ма­жарс­тан Республикаларының Тө­тенше және өкілетті елшілері де келді. Басқосу барысында академия пре­зиденті Дархан Қыдырәлі Түр­кі академиясының былтырғы қыз­метінің сәтті болғанын, түркі әлем­індегі халықаралық ұйымдар­дың Түркі кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істегенін айтты. Академия басшысы «Мемлекет басшылары­ның саммит отырыстарында бер­ген нұсқаулары негізінде Акаде­мия алдына қойылған міндеттер Қыр­ғыз Республикасындағы Ғы­лыми кеңестің соңғы отыры­сын­­да сәтті шешілді. Өзге ұйым­дар­мен бірге маңызды жобаларды жүзеге асырып, ЮНЕСКО-мен бір­лесе отырып маңызды іс-шара­лар ұйымдастырдық. Ғылы­ми және мәдени интеграция­ны ілге­рі­лету бойынша қадамдар жаса­лып, бүгінгі дейін 60-қа жуық түр­лі халықаралық ұйымдар мен ака­демиялық институттармен байланыстар орнатылды», – деді. Сонымен қатар Моңғолиямен екі­жақты келісім негізінде жүргі­зі­ліп жатқан археологиялық зерт­теу­лерге тоқтала келіп, өткен жылы Моңғолия премьер-ми­нистрі академияға жеке сапар­­мен барғанын әрі академияда бақы­лаушы мүше болуға ниет білдірге­нін атап өтті. Кеңес барысында Халықара­лық түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалық міндетін Қыр­ғыз Республикасынан Әзір­бай­жанға табыстау рәсімі ұйым­дас­тырылды. Атқарылған жұмыс­тар­ға жоғары баға берген Ғылыми кеңес мүшелері академияның 2020 жылғы жұмыс жоспарын бекі­тіп, келесі отырысты Түркияда өткізуге уағдаласты. Түркі елдері үшін 2020 жыл маңызды кезең­дер­мен белгіленіп отыр. Сондай-ақ Түркі академиясы түркі елдері мен халықтары арасындағы ынтымақ­тас­тық, олардың тарихы, дәстүр­лері мен қазіргі жағдайы туралы халықаралық деректі фильмдер байқауын өткізуді ұсынды. Ғылыми отырыстың кезекті жиы­нына қатысушылар Түркі ке­ңе­­сіне мүше мемлекеттер То­ны­көк ескерткішінің 1300 жыл­ды­ғы, әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғы, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығы, «Maнас» дастанының 1025 жылдығы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және публицист Нариман Нари­ма­новтың 150 жылдығы сынды маңызды оқиғаларды 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қата­рына қосты. Тоныкөк ескерт­кі­шінің 1300 жылдығын наурызда ежелгі жазба ескерткіш орналас­қан Моңғолияда бастау жоспар­лан­са, әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғы сәуір айында ЮНЕСКО-дағы халықаралық форум аясында атап өтілмек. Ал ұлы ақын Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығына орай­лас­тырылған Абай жылы Ба­ку­де Әзірбайжан Білім ми­нистр­лігінің ұйытқы болуымен ашыл­ды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған шара Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­т­ық университетінің қолдауы­мен Баку мемлекеттік университетінде өтті. Алқалы басқосуда Әзірбайжан Ұлт­тық Ғылым академиясы Низа­ми атындағы әдебиет институ­ты­ның ғылыми қызметкері Туран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының көркемдік мәселелері» (Turan Teymur. Muxtar Auezovun «Abay» romanında sənət­karlıq məsələləri) атты моно­гра­фия­­­­сының тұсаукесер рәсімі жа­сал­­ды. Сонымен қатар салтанатты шара барысында Халықаралық түркі академиясы жарыққа шығар­ған басылымдардан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, 50-ден астам кітап Бакуде жаңадан ашылған «Абай» орталығына тарту етілді. Айта кету керек, Түркі ака­де­мия­сы Абай мерейтойы аясында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз, Түркия Республика­ла­рын­да және ЮНЕСКО шеңбе­рінде көптеген халықаралық іс-шара өткізіп, ұлы ақын туындылары мен М.Әуезов­тің «Абай жолы» эпопеясын туыс түркі тілдеріне аударып шығаруды жоспарлап отыр.   Бекболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ