Іс-шара шығармашылық саласындағы әйелдерді – жазушыларды, суретшілерді, музыканттарды, әртістерді және бизнес, Үкімет, Парламент, елшіліктер мен республикалық, халықаралық ұйым өкілдерін бір шаңырақ астына жинады.
Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Кэти Лич қыздардың бастамасына қолдау білдіру үшін арнайы келді. Ол Art Qalqa жұмысы мен жоспарлары жайлы орталық өкілдерімен, суретшімен оның шығармашылығы жайлы пікір алмасты.
Кешке қатысқан Түркия және АҚШ елшілік өкілдері де әйелдер шығармашылығын қолдайтын орталықтың құрылуына қатысты жылы лебізін білдірді. Түркия елшілік өкілдері екі ел арасында алда көркемсурет бойынша өтетін шаралардан хабардар етті.
Сондай-ақ, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан Халықтар ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесі өкілдері де шығармашылық әйелдерді қолдау бойынша пікірін ортаға салды.
Кештің басты мақсаты – креатив идеялармен алмасу және оларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылау үшін нетворкинг алаң құру.
AQ орталығының миссиясы - ұлттық және халықаралық деңгейде әйелдердің шығармашылық жобаларын ілгерілету арқылы инклюзивті, ашық және көркейген қоғам құруға ықпал ету. Қазірдің өзінде Италия, Түркия және басқа елдердегі халықаралық көрме, фестивальдер және білім беру бағдарламаларына қатысу, халықаралық ұйымдармен байланыс орнату бойынша келісімге келіп жатыр.
Орталық Қазақстанның креативті индустриясының түрлі саласында жұмыс істейтін әйелдердің бастамасымен құрылды. Олардың қызметі әйелдер көшбасшылығын дамытуға, таланттарды қолдауға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге, белсенді және шығармашылық әйелдер желісін қалыптастыруға бағытталған.