Aikyn.kz технологиялық көшбасшылар пікірін CNBC телеарнасының хабарламасына сүйеніп талдайды.
АҚШ вице-президенті Дж. Д.Вэнс Париждегі AI Action Summit кезінде Үлкен сарайда сөйледі. Фото theguardian.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Michel Euler
6-11 ақпан күндері Парижде AI іс-қимыл саммиті (AI Action Summit) өтті. Саммитке келген мемлекет басшылары, ірі технологиялық компаниялардың жетекшілері мен зерттеушілер, тіпті әртістер де ЖИ технологияларының даму болашағын талқылады.
Осы халықаралық форумда Google DeepMind бас директоры Демис Хассабис (Demis Hassabis) қытайлық DeepSeek жасанды интеллект моделін «мүмкін, ең жақсы жұмыс» деп бағалаған. Алайда Хассабис үлкен дүрлігуге қарамастан, оның жаңа ғылыми жетістіктігі жоқтығын, бүгінге дейінгі белгілі технологиялар негізінде жасалған құрал екенін мәлімдеді.
Қытайдың DeepSeek компаниясы өзінің жасанды интеллект моделі аз ғана қаржығы жасалғанын (5,6 млн доллар) және NVIDIA-ның орташа деңгейдегі чиптерін қолданғанын жариялаған. Өткен айда бұл компания әлемдік нарықты таңғалдырған зерттеу жұмыстарымен таныстырып, өзінің ЖИ моделі әлемдегі ең үздік ЖИ үлгілерімен бәсекелесе алатынын айтқан. Бұл хабарламадан кейін АҚШ-тың технологиялық компанияларының акциялары құлдырап, 1 трлн долларға дейін құнын жоғалтқан. Қор нарығы кейін өзінің бұрынғы қалпына келгенімен, инвесторлардың ЖИ саласына деген сенімін бұзып кетті.
DeepMind бас директоры Демис Хассабис: «DeepSeek-те технологиялық тұрғыдан алғанда ерекше ештеңе жоқ». Фото medium.com сайтынан алынды
Нобель сыйлығының лауреаты Демис Хассабис DeepSeek моделін «әсерлі жұмыс» деп жақсы бағалағанымен оның бұрынғы модельдердің алгоритмдерін қайталайтынын айтқан.
«Менің ойымша, бұл Қытайдан келген ең жақсы жұмыс. DeepSeek өте жоғары инженерлік шешімдер жасай алады және ғаламдық деңгейде ережелерді өзгертуде», – дейді Демис Хассабис Париждегі AI Action Summit-і аясында Google ұйымдастырған іс-шарада.
DeepMind бас директоры Демис Хассабистің ойынша, DeepSeek-те технологиялық тұрғыдан алғанда ерекше ештеңе жоқ.
«Үлкен даурығудан басқа онда нақты жаңа ғылыми жетістіктер жоқ. Онда бұрыннан белгілі әдістер (ЖИ-ге қатысты – авт.) қолданылады. Модельдің мүмкіндіктері асыра бағаланған», – дейді маман.
Нобель сыйлығының лауреаты осы аптада Google шығарған Gemini 2.0 Flash модельдері DeepSeek моделінен гөрі тиімді екенін айтады. DeepSeek компаниясының моделінің арзан бағасына мамандар сенімсіздікпен қарауда, қолданылған чиптер туралы мәлімдемелер де сарапшылардың күмәнін туғызған. Олар қытайлық компанияның моделінің құны жарияланған бағадан жоғары деп санайды.
ЖЖИ-ден туындайтын ең үлкен проблема – адамдар өздері жасаған жүйелерді бақылаудан шығарып алады. Фото niedzwiedziaresidence.pl сайтынан алынды
ЖИ әлемі жалпы мақсаттағы жасанды интеллекті(AGI) жүйелерінің жасалуы ұзақ жылдар бойы талқыланып келеді. Жалпы жасанды интеллект (ЖЖИ, AGI) адамдардан гөрі ақылды болады. Қазіргі ЖИ құралдары бір ғана салада ғана жұмыс істесе (көлік жүргізу, мәтін жазу, медициналық кеңестер және басқалар), ЖЖИ адамның барлық қызметін толық ауыстыра алатын деңгейге жетеді.
Демис Хассабис жасанды интеллект индустриясы «AGI-ге апаратын жолмен келе жатыр» деп мәлімдеді. Ол ЖЖИ-ді «адамдардың когнитивтік (танымдық) қабілеттеріне ие ақылды жүйе» деп сипаттады.
«Менің ойымша, біз осындай жүйені құруға жақынбыз, мүмкін 5 жыл ғана уақыт қалған шығар. Қоғам бұған дайын болуы керек және оның қандай салдары болатынын білуі тиіс. Бұдан пайда көретінімізге және бұл тұтас қоғамға пайдалы екеніне көз жеткізіп, одан туындайтын (ЖЖИ-ден – авт.) қауіптердің алдын алу керекпіз», – дейді Хассабис.
Демис Хассабистің пікірлері басқа сала өкілдерінің тұжырымдарымен үндеседі. Олар да ЖЖИ-дің жақын арада жасалатынына сенімді. Биыл OpenAI-дің Бас директоры Сэм Альтман да «дәстүрлі түсініктерімізге сүйеніп, біз оны қалай жасау керектігін білеміз» деген еді.
Дегенмен ЖИ саласында көптеген адамдар сонымен қатар ЖЖИ-мен байланысты көптеген тәуекелдер туралы ескертуде. Олардың ойынша, ең үлкен проблемалардың бірі – адамдар өздері жасаған жүйелерді бақылай алмай қалады. Бұның арты үлкен апатқа алып келуі мүмкін екенін және Монреаль университетінің профессоры Йошуа Бенджио (Yoshua Bengio) мен MIT профессоры Макс Тегмарктің (Max Tegmark) жалпы жасанды интеллект жүйелеріне деген қорқынышын Aikyn.kz «Жасанды интеллект адамға шабуыл жасауы мүмкін бе?» деген сараптамасында жазды.
ЖИ-дің AlphaFold моделі 2020 жылы аминқышқылдарының тізбегінен ақуыздың 3D моделін жасады. Фото medium.com сайтынан алынды
Демис Хассабис – Нобель сыйлығының лауреаты
2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығы Google DeepMind қызметкері Демис Хассабис пен Джон М. Джамперге ақуыздың құрылымын болжауда ЖИ-ді пайдаланғаны үшін берілді.
Хассабис пен Джампер жасаған ЖИ-дің AlphaFold моделі 2020 жылы ғалымдар ондаған жылдар бойы іздеген амин қышқылдарының тізбегінен ақуыздың 3D моделін жасады. Содан бері AlphaFold моделі ғылымға белгілі әрбір ақуыздың пішінін болжау үшін қолданылып келеді. Демис Хассабис пен Джон М. Джампердің жетілдірілген AlphaFold 3 моделі жаңа дәрілік заттар жасау үшін маңызды ДНҚ, РНҚ және лигандар сияқты молекулалардың құрылымдарын болжай алады.
Google DeepMind ғалымдарға өз модельдерінің бастапқы кодын және зерттеулерінің нәтижелері жиналған дерекқорды тегін берген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.