Мәдениет – ел имиджінің бір көрсеткіші. Соңғы уақытта бұл салада жағымды жаңалық көбейіп келеді.
Отандық әртістер көше шеруінде өнер көрсетті
619
оқылды

Әсіресе, халықаралық ареналарда бой көрсетіп, өнерімен таңғалдырған қазақстандық өнер өкілдері, мәдени кешендер көп. Жақында Сингапурда өткен Чингай шоуына «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері де қатысты. Бұл – театр әртістерінің, қала берді еліміздің Азиядаға ең ірі шоудың бірі саналатын шеруге алғаш рет қатысуы. 

Чингай шоуы – Сингапур тәуелсіздігінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған шара. Аталмыш мәдени шара алғаш рет 1973 жылы Сингапур мемлекетінің негізін қалаушы Ли Куан Юдің бастамасымен өткен. Содан бері әлемнің назарын ерекше аударған көше шеруіне айналды. Отандық әртістердің де бұл шеруде өнер көрсетуі Қазақстанның Син­гапурдағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асты.

Ұлттық өнерді таныстыруға аттанған «Астана Опера» әртістері вокалдық және хореографиялық нөмірлерді біріктіретін ерекше бағдарлама дайындаған. Қатысушылар құрамында оркестр әртісі, опера труппасының солистері Назым Сағынтай, Ержан Саипов, жобаның қоюшы-хорео­графы Сұлтанбек Ғұмар және бірқатар балет әртістері бар. Мұндай мәдени шараларға қазақстандық әртістердің қатысуын жоғары бағалаған Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігінің бірінші хатшысы Әйгерім Раисова бұл шоудың маңызына тоқталды. 

– Сингапур – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Саяси тұрғыдан Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде екенін білеміз. Ал мәдени байланыстың да берік екенін атап өткім келеді. Мәселен, осы елдегі аса ірі мерекенің бірі Чингай парадына еліміздің әртістері қатысты. Бұл екіжақты мәдени байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп тұжырымдауымызға болады, – деді ол.

Театр әртісі, жобаның жетекшісі Жанар Абдрахманқызы айтулы шараға әлемнің әртүрлі елдерінен мыңдаған актерлер, музыканттар мен бишілер және басқа да шығармашылық ұжымдар қатысқанын айтты. Сондай-ақ «Астана Опера» әртістері «Той бастар» қойылымымен шетелдік көрерменді баурап алғанын тілге тиек етті. Яғни, қойылымда би арқылы ұлттық ойындар, дәстүрлер мен дала халқының рухани байлығы заманауи бағытта бейнеленген. Қойылымның авторы – HasSak группасы, ал хореограф – Сұлтанбек Ғұмар.

– Былтыр қыркүйек айында Қазақ­станның Сингапурдегі елшілігі осы жобаның жетекшілігін ұсынды. Яғни, осы парадта Қазақстанды қалай таныстыру керек екенін ойластыруымыз керек еді. Қыркүйектен бастап, елшілікпен бірге концепцияны әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Парадта не ұсынатынымыз туралы бірнеше нұсқа болды. Ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізіп, Сингапур тарапымен онлайн-кездесулер өткіздік. Нәтижесінде, нөмірлеріміз бекітіліп, Чингай парадына қатысатын елдер тізіміне ендік. Мұнда «Астана Опера» театрының талантты әртістерден құралған топпен келдік. Елімізді Чингай парадында таныстыру – біз үшін үлкен қуаныш, – деді жоба жетекшісі Ж.Абдрахманқызы.

Оның айтуынша, «Астана Опера» әртіс­тері Қазақстанның Сингапурдегі елшілігі жоспарлаған тағы бірқатар мәдени шараға қатыспақ. Айта кетейік, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры – еліміздегі ең ірі өнер ордаларының бірі. Қазір театр әлемдік деңгейдегі опералар мен балеттерді қойып, үздік өнерпаздарды сахнада шығарып жүр. 

Театр репертуарында қазақ мәдениетіне тән шығармалардан бастап, әлем классикасына дейін кең ауқымды қойылымдар бар. 

Азиядағы ірі мерекелік шоуда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымымен қатар, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хареография академиясының өкілдері көшелік шеруге қатысты. Қазақстандық әртістердің өнері мерекенің маңызды бөлігі болып, ұлттық дәстүрлердің ерекше болмысын және халық өнеріне қазіргі көзқарасты көрсетті.

Айта кету керек, биыл 52-ші Чингай парадына әлемнің әртүрлі елдерінен 11 мыңнан астам әртіс қатысты. Бұл шерудің ерекшелігі – құрылымы мен мән-мағынасында. Шеру басталар алдында қайта өңделген пластикалық пакеттерден жасалған миллиондаған гүл бүршіктері қойылған үлкен стенд қойылған. Ондағы әр гүл Сингапур халқына деген сүйіспеншіліктің, жақсы тілек пен ниеттің мағынасын білдіреді. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ