Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл!
Түркістанда «Шаңырақ» шығармашылық байқауы басталды
304
оқылды

Аймақтарда осынау атаулы күнге орай түрлі іс-шаралар кестесі бекітіліп, қызу жұмыстар басталып кетті. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтіп, келелі жиынға Сенат депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, мекеме қызметкерлері және Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, өңірдегі белгілі журналистер қатысты. Жиынды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды. 

Алқалы басқосуда сөз алған Ертай Алтаев қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, БАҚ өкілдері тек ақпаратты жеткізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік саясатты қабылдауын қалыптастыратынын жеткізді. 

Сонымен қатар іс-шара барысында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» шығармашылық байқауының таныстырылымы өтті.  Аталған байқау 2025 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Президенттің «2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылуда.

Бұл ретте, әлеуметтік желі қолданушылары үздік жазбалар бойынша «Бауырлас» атты тақырыпта бақ сынайды. Байқаудың жүлде қоры – 1 миллион теңге. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері 25 қазан –  Республика күні қарсаңында марапатталмақ. 

Назгүл НАЗАРБЕК,  Түркістан облысы