Ол 9 адамға жалпы сомасы 176 300 теңге залал келтірген.
Астанада «Дубай шоколадын» сатып, елді алдаған алаяқ сотталды
Фото: istockphoto.com
626
оқылды

2025 жылғы 11 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған азаматқа үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Айыпталушы OLX сайтында «Дубай шоколадын» жеткізу және сату туралы жалған хабарландырулар жариялап, WhatsApp арқылы өзінің банктік шотына ақша аударуды сұраған. Ақша түскеннен кейін ол жәбірленушілердің телефон нөмірлерін бұғаттап, 9 адамға жалпы сомасы 176 300 теңге залал келтірген», – делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарламасында.

Сотталушының кінәсі оның мойындауымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді сұрады, ал қорғаушы тарап пен жәбірленушілер бұл ұсыныспен келісті.

Сот айыпталушының кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін, келтірілген зиянды өтегенін және жас балалары барын ескеріп, жазасын жеңілдетті.

Нәтижесінде, сот айыпталушыға 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.