Сыртқы істер министрлігі Испания мен Италияда қалған қазақстандықтарға үндеу тастады
Сыртқы істер министрлігі Испания мен Италияда қалған қазақстандықтарға үндеу тастады
© Сурет ғаламтордан
173
оқылды
Қазақстан республикасы Сыртқы істер министрлігі өзінің Telegram арнасында коронавирус әндеті өршіп тұрған Испания мен Италияда қалған қазақстандықтарға үндеу тастады. "Испанияда коронавирустың таралуына, жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан Республикасының Мадридтегі Елшілігінің Консулдық бөлімі және Барселонадағы консулдығы Испанияда орналасқан Қазақстан азаматтарымен үнемі байланыста. Испанияда ауру жұқтырғандардың саны 5700 адамнан асты. Вирустың таралуының басты бағыты 3 мыңнан астам адам тіркелген Мадридтің автономды қоғамдастығы екенін ескеру қажет. Түрік және Ресей авиакомпаниялары рейстерін тоқтатуына байланысты Қазақстан азаматтарына басқа қала немесе жақын елдер арқылы балама ықтимал маршруттар іздеу ұсынылады (егер мүмкін болса, жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан Мадридтен тыс рейстермен қайту дұрыс болады). ☎ Испаниядан кетіп жатқан Қазақстан азаматтарынан Елшіліктің консулдық бөліміне (visado@kazesp.org, +34917216290) проблемалық жағдай мен Қазақстанға кету туралы хабарлауды сұраймыз. Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі қазіргі уақытта коронавирус эпидемиясының салдарынан Италиядағы төтенше жағдайға байланысты Италия мен әлемнің басқа елдері арасындағы әуе қатынасы уақытша тоқтатылғанын хабарлайды. Осыған байланысты, қазіргі уақытта ресейлік «Аэрофлот» әуекомпаниясы Мәскеу қаласында қайта отырғызу арқылы Римнен Қазақстанға жолаушылар рейстерін жүзеге асырып жатқандығын назарларыңызға саламыз. Сонымен бірге, үстіміздегі жылғы 11 наурыздан бастап «Аэрофлот» әуекомпаниясы Италияның қалаларына ұшу бағдарламасын өзгертіп жатқандығын хабарлаймыз. Ақпараттың жаңаруын компанияның ресми сайтынан тексеріп тұруларыңызды сұраймыз" – делінген хабарламада. Испанияда коронавирус құрбандарының саны 180 адамнан асты , оның 133-і астанада. COVIND-19 індетіне байланысты елдің барлық аумағында адамдардың қозғалысына шектеу енгізілді.  Азық- түлік, бірінші кезекте қажетті тауарлар мен дәріханаларды қоспағанда, дүкендердің көпшілігі 15 күнге жабылатын болады. Адамдар азық- түлік, фармацевтикалық өнімдер мен бірінші қажеттілік заттарын сатып алу үшін ғана көшеге шыға алады. Сондай-ақ, тұрғындар ауруханаларға, супермаркеттерге, жұмысқа, дәріханаларға, банктерге бару, қарт адамдарға немесе күтімге мұқтаж адамдарға бару үшін үйден шығуына болады. Италияда бір тәулік ішінде коронавирустан 175 адам көз жұмды. Осылайша, қаза тапқандар саны 1411-ге жетті. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны тәулігіне 3,5 мыңға жуық өскен. Енді сауығып кеткендерін қоса алғанда олардың саны  21,1 мың адамға жетті.