Аймақтардағы дәрігер мамандардың тапшылығы жайында «Айқын» газетінің Ақмола облысындағы тілшісі Абзал Алпысбайұлы «Жұрт әбігер, жетіспейді дәрігер» деген мақаласында жазды. Мұндай мәселенің бар екенін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да растап отыр.
Түйткілді мәселе облыстың қоғамдық кеңесінде өткен жиында тағы бір мәрте ашық көтерілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, өңірге жұмысқа келген дәрігерлерге біржолғы көтерме ақының құны қазір біршама өскен. Жаңа кадрлар қалада 5 миллион, ал ауылдарда 8,5 миллион теңгеге дейін алмақ. Бұған қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді. Бірақ бұл орайда мемлекеттік қолдаумен келген ақ халаттылардың қаражатты қаншалықты адал жұмсап әрі өз міндетін орындап жатқаны кеңес мүшелері тарапынан қызу пікірталас тудырды. Өйткені, расында да аймақта мемлекет қаржысының түрлі қитұрқы жолмен талан-таражға түсу фактілері жетіп артылады. Сондықтан мемлекеттік қолдау қаржысының қалай жұмсалып жатқаны да жіті назар аударуды қажет етеді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жаңа орынбасары Серік Омархановтың айтуынша, аймақта 190 түрлі сала дәрігерлері жетіспейді. Басқарма басшылығы осындай факт келтіргенімен, қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі дәрігер Серік Кәкенов бұл санды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, өңірде дәрігерлер тапшылығы аталған саннан бес есе жоғары.
«Қазір өңірде дәрігерлер 2-3, тіпті одан да көп жерде бір мезетте жұмыс істейді. Бұл жерде медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Біздің дерек бойынша облыста бүгінде 976 дәрігер тапшы. Сондай-ақ 1 974 орта медициналық персонал жетіспейді. Тек облыстық көпбейінді аурухананың басшысы Нұрлан Жаровқа 100 дәрігер жетіспейтін шығар. Ал әкімшілік мұны қалай жауып отыр? Олардың дерегінше, 199 дәрігер. Мен штаттық кестені толықтай анықтап қарап шықтым. Штаттық кесте бойынша бәрі дұрыс болғанымен, іс жүзінде дәрігерлердің саны екі есе аз. Дәрігерлер бірнеше қызметті қоса атқарады. Медициналық қызметкердің жұмыс көлемі 1,5 мөлшерлемеден аспауы керек. Ал бізде 4,5, тіпті тоғыз лауазымды қоса істеп жүрген дәрігерлер жетіп артылады. Бұдан кейін медициналық қызметтің сапасы туралы не айтуға болады? Міне, осыны жөнге келтіру керек», – деп атап өтті Серік Кәкенов.
Мақаланы толықтай мына сілтемеден оқи аласыз.