Мұхаметжан Тынышбайұлының құнды еңбегі бұған дейін 1925 жылы түпнұсқасы «Материалы к истории киргиз-казахского народа» деген атаумен орыс тілінде жарық көрген. Ал оның дәл бір ғасырдан соң қазақша «сөйлеуі» тегіннен-тегін емес.
Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» еңбегі бір ғасырдан соң қайта жарық көрді
724
оқылды

Күні кеше Астанадағы Ozgeepic креатив-хаб алаңында Мұхаметжан Тынышбайұлы жазған «Қазақ халқының тарихы» кітабының тұсаукесері өтті. Бұған дейін 1925 жылы түпнұсқасы «Материалы к истории киргиз-казахского народа» деген атаумен орыс тілінде жарық көрген құнды еңбектің дәл бір ғасырдан соң қазақша «сөйлеуі»  тегіннен-тегін емес. Кітапта автор қазақтың шығу тарихын жан-жақты әрі көркем әңгімелей отырып, қазақ халқын құрайтын ру-тайпаларды толығымен сипаттап береді. Сонымен қатар кітапта қазақ шежіресі кесте түрінде берілген.

AmalBooks баспасы қайта «тірілткен» кітап кәсіби тарихшы мен кәсіби аудармашының бірге жұмыс істеуінің арқасында аударылған. Кешке келген көпшілікке рухани азық берген, Мұхаметжан Тынышбайұлының ғұмыр дерегінен, қазақ ұлтының тарихи танымынан сыр шерткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне Астанадағы тарихшылар, әдебиеттанушылар, журналистер мен тіл жанашырлары қатысты.

Тұңғыш қазақ инженері һәм тарихшы

Жалпы Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937 жылдары өмір сүрген) – Түркістан автономиясының алғашқы премьер-министрі, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, зерттеуші-ғалым. Оның «Қазақ халқының тарихы» еңбегі қазақ халқының шығу тегін жан-жақты сипаттап, ру-тайпалық құрылымын, тарихи тамырын тереңнен зерделейді.

19 жасында күллі Қазақ даласының теміржол жобасын сызып шыққан ғалым кейіннен осы саланың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ерекше дарынымен, ерекше қабілетімен көзге түскен ол Алаш Орда үкіметінің белсенді мүшесі ретінде ұлттық қозғалыстың алдыңғы шебінде болды.

Кітап неге орыс тілінде жазылған?

Аталмыш кітаптың түпнұсқасы орыс тілінде жазылғаны көптеген оқырманды ойландырмай қоймайды. Кездесуге келген жандар да мұның себебін білгісі келді. Ал бұл бекер емес. Себебі ХХ ғасырдың басында қазақ халқы «киргиз-кайсак» деп аталып, өз мемлекеттілігі жоқ деп сипатталатын еді. Белгілі Алаштанушы, ғалым Айгүл Ісмақованың айтуынша, тарихи еңбекті Мұхаметжан Тынышбайұлы осыған жауап ретінде орысша жазып, қазақ халқының шынайы тарихын отаршыл билікке таныстыруды көздеген. Бұл – түптеп келгенде, оның тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге деген ұмтылысының анық дәлелі. Жобаның басы-қасында жүрген жандардың сөзінше, аудармашылар «Қазақ халқының тарихы» кітабын аударар кезде «Материалы к истории киргиз-казахского народа» еңбегінің 1925 жылғы нұсқасы мен одан кейінгі нұсқаларды да салыстырып, кітапты бүге-шүгесіне дейін толық зерттеген.

Аудармашылар мен демеушілер

Кітапты қазақ тіліне кәсіби аудармашы Бұлан Жамбыл аударған. Ол – Жамбыл Жабаевтың шөбересі. Ал анасы – белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Алма Қыраубайқызы. Жоба жетекшісінің сөзінше, кезінде Жамбыл Жабаев пен Мұхаметжан Тынышбайұлының кездескені туралы тарихи мәліметтер бар екен. Ал бір ғасыр өткен соң аталмыш еңбекті дәл сол Жамбылдың шөбересі аударуы да қызық жайт көрінеді.

223 беттік, бірақ жұртқа берер тарихи дерегі мол кітапты жарыққа шығаруға Amal Books баспасы жетекшілік етті. Қаржылық қолдауды Choco холдингінің негізін қалаушы, бұған дейін қазақ тіліне қатысты айтқан даулы пікірлерімен есте қалған Рамиль Мухоряпов көрсеткен. Айта кеткен жөн шығар, соңғы уақытта Р. Мухоряпов қазақтілді жобаларға белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Міне, сондай жобалардың бірі «Қазақ халқының тарихы» кітабы 1500 данамен басылып шықты.

Кездесудегі сан сауал

Әрине, кітаптың таралымы аса көп емес. Кітаптың таныстырылымына келгендердің ішінде мұның себебін сұрағандар да болды. Оған баспагер Бақытжан Бұқарбай былай деп жауап берді:

- Шынын айту керек, қазақ кітап оқымайды. Әйтпесе мына кітаптың таралымы 1500 болмас еді. Бұл пікіріме бұған дейінгі болған жағдайлар да дәлел.

Белгілі тәуелсіз баспагердің сөзінше, бұған дейін жарық көріп, кейін арты дауға ұласқан «Қазақтарды қалай басқару керек?» кітабынан соң, оған үйіне дейін барып, шабуыл жасауға ұмтылғандар да болыпты. Жоба жетекшісі мұны көпшіліктің «кітап оқымайтыны», «отар болғанын айтса, жалған намысқа тырысып бағатыны» сияқты түсініктермен байланыстырды. Әрі қазақ қоғамында ағартушылықпен айналысу қай кезде де оңай болмағанын айтады.

Оған қоса баспа басшысына «Кітапты неге мемлекет қолдамайды?», «Неге ЖОО-лардың кітапханасында тұрмайды?» деген де сұрақ қойылды.

- Біз – тәуелсіз баспамыз. Бұған дейін 200 мың данамен кітап шығардық, ол – біз үшін үлкен жетістік. Бәлкім, Қытай нарығында не басқа нарықта бұл цифр елеусіз шығар. Бірақ қазақ қоғамында ешбір тәуелсіз баспа 200 мың данамен кітап баспады. Әрине, мемлекеттің қолдауымен, мемлекеттің араласуымен кітабын шығарып жатқандар көп. Ал біз ондайды көріп жүрген баспа емеспіз, позициямыз басқа. Мұндай сұрақ қою ненің маркері, білесіз бе? Бұл – сіздің санаңыздың «мемлекетке» әбден байланып қалғанының көрінісі. Мемлекет қазір барлық салаға қатты араласып кетті. Әрине, оның атқаратын өз функциялары бар. Ал жалпы мемлекеттің барлық нәрсеге араласуы азаюы керек. Ол үшін әр саладағы азаматтар оянуы қажет. Баспагер ме? Баспагер өз жұмысын істесін, сол секілді өзгелері де. Кітапта барлық ғылыми еңбектерге сілтеме берілген. Меніңше, тарихты зерттеп жүрген адам атамыздың бұл еңбегінен аттап өте алмайды, – дейді AmalBooks баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбай.

Кітап мазмұны мен маңызы

Кітапта қазақ тарихына қатысты тың деректер келтірілген. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қырғыз-қазақтар, Көксудың қираған жұрты, Қойлық қаласы, Краснореченск қирандылары, Баласағұн қаласы және «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы секілді маңызды тақырыптар қамтылған.

Жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, кітапты басып шығармастан бұрын тарихшы мамандардың сараптамасынан өткізу маңызды болған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тынышбаев еңбектерін алғаш зерттей бастаған бірден-бір ғалым Гүлбану Жүгенбаева бұл басылымды ғылыми сүзгіден өткізген.

Белгілі Алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова кітаптың аудармасына байланысты: «Бұл еңбектің қазақшаға аударылуы үлкен тарихи маңызға ие. Бұлан Жамбылдың кәсіби аудармасы мен Гүлбану Жүгенбаеваның кітапты ғылыми тұрғыдан қарауы сөзсіз, жақсы болған. Кітапта барлық мәлімет нақты берілген. Қазақ тарихына қызыққан жандарға мұнда барлық нәрсе бар. Мұхаметжан Тынышбайұлының осы бір еңбегі қазақ халқының шежіресін толыққанды ашып көрсетеді», – деп пікір білдірді.

Оймақтай ой

«Қазақ халқының тарихы» кітабы қазақтың ру-тайпалық құрылымының дамуын, мемлекеттілігінің қалыптасуын айшықтайтын құнды дереккөз екені сөзсіз. Әрине, кітап ғылыми тұрғыдан өз бағасын алды деуге әлі ерте. Бәлкім, біреу мұндағы деректерге еріксіз келісер немесе басқа бір тарап қарсы уәж айтар. Бірақ бір анығы сол, қайткен күнде де тәуелсіз баспаның қажыр-қайратымен жарыққа шыққан тарихи еңбек міндетті түрде оқылуы қажет. Біздіңше, бір ғасырдан кейін қазақ тілінде жарық көрген бұл кітап ұлт тарихын тануға тың серпін беретіні анық.