Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға 2029 жылға дейін ел экономикасын екі есеге арттыру жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ұлттық даму жоспарына «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері енгізілді. Бұл партияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі маңызды екенін көрсетеді.
Қостанай облысының әкімдігі жанындағы жедел штаб пен депутаттық фракцияның бірлескен отырысында «АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері – барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Қостанай облысы ұлттық дамуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Мәселен, өңірде 2024 жылы 497,9 мың м² тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мыңнан астам отбасы баспана жағдайын жақсартты. Сонымен қатар, Қостанай ауданында 176 га аумақта «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл шамамен 60 мың адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымын дамыту аясында 1 200 км автожол күрделі жөндеуден өтті, 108 елді мекендегі 371 көше учаскесі жаңартылды. Сондай-ақ, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту нәтижесінде 55 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, ауылдық жерлердегі ауыз сумен қамту деңгейі 90,3%-ға жетті.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттерді орындаудың және бүгінде қол жеткізген нәтижелердің маңызына тоқталды.
«Сайлауалды бағдарлама – бұл аймақтың даму бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Бағдарламаны іске асыру жолында әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктелген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік: халықтың өмір сүру сапасы жақсаруда, инфрақұрылым жаңартылып, өңір экономикасы нығаюда. Біз осы қарқынды сақтап, белгіленген міндеттерді әрі қарай іске асыруымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Әлеуметтік саланы дамыту қашан да негізгі басымдықтардың бірі. 2024 жылы облыста 3 300 орындық 4 мектеп пен 1 167 орындық 7 балабақша пайдалануға берілді, тағы 7 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша 25 нысанның құрылысы аяқталды.
Өңір экономикасының өсіп келе жатқанына жүзеге асырылған инвестициялық жобалар дәлел. Мәселен, 2024 жылы құны 150 млрд теңге болатын 68 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың ішінде шойын құю зауыты, «Chevrolet Onix» және «SKODA» автомобильдерін өндіру жобалары бар. Бұл бастамалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
«АMANAT» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Сейтбек Қуанышбаев депутаттар жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп сайлауалды уәделердің орындалуын қадағалап отыратынын атап өтті.
«Сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылау – біздің негізгі жұмысымыздың бірі. 2024 жылы фракция 136 отырыс өткізді, оның 94-і Жол картасының орындалу мәселелеріне арналды. Бұл негізгі көрсеткіштердің орындалмауы қаупін уақытында анықтауға және жоюға мүмкіндік берді», – деді ол.
Депутаттар азаматтарды толғандырған мәселелерді шешуге де белсенді қатысады. Мысалы, Рудный қалалық мәслихатының депутаттары Азамат Искаков, Санаш Ещанов және Әлия Қайрақбаева Горняцкий ауылындағы көпбалалы ананың баспана алуына көмектесті, ал Қостанай ауданының депутаты Айнагүл Әлімғазина Тобыл қаласының «Шығыс» шағын ауданында балалар алаңының орнатылуына жәрдемдесті.
Депутаттық фракция 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысанға барып, 555 депутаттық сауал жолдады, 746 қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың 75%-ға жуық өтініштері бойынша мәселелерді шешуге ықпал етті.
«Біз партиялық жобалардың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Мысалы, Ұзынкөл аудандық мәслихатының депутаты Олжас Ағайдаров Ершовка ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысының аяқталуына жәрдемдесті. Сондай-ақ, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Анатолий Злойдың белсенді ұстанымының арқасында «Тобол» коммуналдық кәсіпорнына қарызды ішінара өтеуге 142 млн теңге бөлінді», – деп атап өтті Сейтбек Қуанышбаев.
«Жарқын ауыл» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалары да өз тиімділігін көрсетті. «Жарқын ауыл» жобасы аясында ауылды жерлерде 9 жаңа үй салынса, «Бақытты отбасы» жобасының шеңберінде 3 244 отбасына көмек көрсетіліп, 181 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарламаның жүйелі іске асырылуын бақылауды күшейту және барлық жоспарланған іс-шараның тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
«Әрбір депутат пен мемлекеттік орган басшысы өзіне жүктелген міндеттер үшін жауапкершілік арқалайды. Біз тек оң нәтижелерді талдап қана қоймай, сондай-ақ туындайтын сын-қатерлер бойынша да жедел әрекет етуіміз керек. Барлық құрылымдардың – депутаттық корпус, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің үйлесімді жұмысы ғана өңірдің тұрақты дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – деп түйіндеді облыс әкімі.
«АMANAT» партиясы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлерді жаңғырту және экономиканы нығайту бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. 2025 жылы негізгі басымдық инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауға, бизнесті қолдауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге берілетін болады.
«АMANAT» партиясы халықты біріктіретін және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын сенімді саяси күш болып қала бермек.