«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» кеңесінің отырысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы ерекше бақылауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астана қаласы әкімдігінің, ТЖД, «Қазсушар» ШЖҚ РМК, «Қазгидромет» РМК өкілдері қатысқан шарада Астана қаласының көктемгі су тасқынына қарсы дайындық деңгейі, қауіпті аймақтар мен елордаға жақын орналасқан елді мекендердегі жағдай талқыланды.
«Жиынымыздың негізгі мақсаты – елорданың су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейімен танысып, бірлесіп жұмыс істеу. Бәрінен бұрын тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан біз жағдайды осы бастан бақылауда ұстап, жұмыла әрекет етуіміз керек. Сақтықта қорлық жоқ», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтер қаладан 5,6 млн текше метрден астам қар шығарып, 22,9 мыңнан астам метр арық-науа желісін, 11 492 метр коллекторларды және 586 дана жаңбыр қабылдау құдықтарын тазартқан.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдыру үшін жеке құрамның 581 адамы, 506 бірлік техникасы, 131 бірлік мотопомпасы бар азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылған.
«Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы учаскенің аумағын, кірме жолдарды және қорғаныс бөгетінің жотасын қардан тазарту секілді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде қажетті жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы киіммен, ЖЖМ, қосалқы бөлшектермен, алғашқы медициналық көмек құралдарымен, инертті материалдармен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Астана су қоймасының жағдайы қалыпты. Десе де, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр», – дейді «Қазсушар» ШЖҚ РМК өкілі Жанар Мухатова.
Отырыс нәтижесінде көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына атсалысу мақсатында «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанынан жұмыс тобы құрылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.