ІІМ полицияға қарсылық көрсетіп, бағынбау әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Елімізде "Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету – баршаға ортақ мақсат. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау мен заңға бағынатын азаматтардың құқықтарын қорғауда аса маңызды. Кез келген заң бұзушылықтың соңы жауапкершілікке әкеледі. Бұл ретте ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша барлық шараларды қабылдауда. Өкінішке орай, соңғы уақытта билік өкілдерін қорлап, оларға бағынбау фактілері жиілеп кетті. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес осындай 271 дерек тіркелді. Оның 127-сі мас күйде, 87-сі бұрын сотталғандармен және 19-ы адамдар тобымен жасалған, – деді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев.
Полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, заңсыз әрекет жасағаны үшін 225 азамат сотталды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақ ала ұмтылып, оларды жарақаттаған. Ақтөбе облысының Қандыағаш стансасында да осындай жағдай орын алды. "Астана – Атырау" бағытындағы пойыз жолаушысы алкогольдік ішімдіктер ішкеннен кейін патрульдік қызмет инспекторларына күш қолданып қарсылық көрсетті. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылған.
Полиция азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтарын және қоғамның заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Құқықтық нормаларды сақтамай, әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Азаматтарды заңды сақтауға, билік өкілдеріне бағынбау және оларды қорлау фактілеріне жол бермеуге шақырамыз. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, – деді Алтынбек Шүйіншалиев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.