Тасқа бәдізделген түрлі сурет пен таңба ежелгі заманда осы аймақта өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беріп тұрғандай. Қазір ғылыми негізделіп, тарихи мұралар тізіміне енген табиғи нысандар туристердің көзайымына айналып отыр. Дегенмен аумақтағы тарихи орындарды анықтап, ондағы суреттер мен сына жазуларын оқу, ғылымый тұрғыда зерттеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұнан бөлек, құнды жәдігерлерді табиғи жағдайда сақтау да оңай болмай тұр.
Тамғалы тастары
Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауы етегіндегі көне петроглифтер орналасқан аумақ Тамғалы деп аталады. Осы Тамғалы шатқалында ұзын-ырғасы 4 500 шамасында петроглиф бар екен. Сына жазулары бар аймақ бүгінде ЮНЕСКО ұйымының тарихи маңызы бар құнды мұралар тізіміне енген. Барлық ескерткіш тастар – мемлекет қорғауында. Ал ашық аспан астындағы мұражай көне тарихтың сырын паш етіп отырған құндылық қана емес, танымдық тұрғыдан да ерекше нысанға айналған. Бұған Тамғалыдағы тасқа басылған суреттерді тамашалауға келуші туристер қатарының жыл сайын көбейіп отырғаны дәлел болады.
Жалпы, осы Тамғалыдағы сына жазулар мен суреттердің түпкі ізі біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XIII ғасырларға бастайды. Мамандар бұл маңнан ежелгі қола дәуіріне тән петроглифтердің 5 мыңға жуық түрін анықтап, тізімге алған. Тасқа ойып салынған суреттерде адамдар мен жануарлар әлемінің байланысын әйгілейтін нышандар жиі кездеседі екен.
Қоршаған ортадағы құбылыстар мен Құдайға құлшылық ету дәстүрінің де сипатын бейнелеген сызбалар баршылық. Яғни, тастағы суреттердің бір парасы бізге қазіргі заманғы мифология ғылымынан жақсы таныс көне дәуірдегі аңшылық пен Тәңірге табыну белгілерінің ақиқатын ашса, бір бөлігі ежелгі түркі әлемінің зерттеу жазбалары арқылы белгілі болған жаугершілік кезеңін де сипаттап береді. Тамғалы тастарында Будда діні дәуірлеген уақыттың да терең ізі қалғаны талассыз жайт. Өйткені шатқал ішіндегі төрт қолды Будда бейнесінің қашалған суреті соны әйгілейді.
Өкінішке қарай, Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауы етегінде ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келген құрылыс материалдарын дайындайтын карерь осы тарихи жәдігерлерге зиянын тигізіп, жойып жіберуге шақ қалған екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын көне петроглифтер орналасқан аумақтың жекешеленіп кеткені және осындағы тарихи ескерткіштердің тас-талқан болып үгітіліп, құрылыс қиыршығына айналып жатқаны жайында жазылды. Бақсақ, сына жазу мен суреттер шоғыры табылған аумақ 2006 жылы жеке компаниялардың иелігіне берілген екен. Тек 2017 жылдан бастап қана аталған Малайсары тауының етегіндегі аумаққа облыс әкімшілігі назар аударып, тастағы жазбалар мен суреттерді бақылауға алған.
Ешкіөлмес жотасы
Ешкіөлмес тау жотасы Талдықорған қаласынан 30 шақырым қашықтықта, оңтүстік бағытқа қарай 1 сағаттық жерде созылып жатыр. Тау баурайында кішігірім 24 шатқал бар екен. Архелогтар бұл маңнан табылған өркениет іздерін кешенді ескерткіштер тобына қосады. Әр тұстағы қазба жұмыстары жерлеу орындарын, қорғандарды, қорғандардың маңына қойылған ғұрыптық қоршауларын тапқан. Анықталған тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен таңбаларға қарап ғалымдар бұл маң4 мыңнан астам петроглифтер сақталған. Тастағы аң, құс бейнесі, ғұрыптық таңбалар өте жақсы сапада көрінеді.
Атауы айтып ұрғандай, Ешкіөлмес жотасы ежелгі заманнан малға жайлы атақоныс болған мекен. Шөбі шүйгін, қысы жайлы шатқал көшпелі өркениеттің тіршілік етер тірек ортасы ғана емес, ежелгі адамдардың тұрмыс-салтынан да хабар беретін киелі орынға ұқсайды. Қазір ғылыми негізделіп, «Ешкіөлмес петроглифтері» деген атауға ие болған аумақ 1998 жылы «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар» тізімінің «Аралас (Мәдениет+Табиғат) санатына» қосылып, арнайы қорғау мәртебесін иеленген. Бұл жұмыстың басында Әлкей Марғұлан атындағы археология институты тұр. Ал шатқалдағы ежелгі өркениеттің ізін алғаш рет 1970 жылы геолог Людмила Скрынник тапқан екен. Кейіннен, 1982 жылы академик Александр Марьяшев бастаған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы ресми зерттеу жұмысын бастап, Ешкіөлмес жотасында тек тасқа бәдізделген суреттер ғана емес, өте ерте кезеңдегі қорымдар мен ырым рәсімдері жасалатын орындардың болғанын дәлелдеген.
«Ешкіөлмес жотасының петроглифтерінде скифтік-сібірлік аң стилі дәстүрінің пайда болуы анағұрлым ашық байқалады және Солтүстік-шығыс Жетісудың тас өнерінің негізгі көркемдік дәстүрі көрінеді. Жартастарға сурет салудың өзіндік ерекше тәсілдері мен жергілікті ежелгі суретшілердің көркемдік бейнелеу өнері болғандығы сөзсіз. Жартастарға граффити – қашау техникасымен ойылып салынған, кейде 1-2 см-ден аспайтын кіп-кішкентай бейнелер әсемдігімен ерекше көзге түседі. Басқа да осы типтегі ескерткіштерге қарағанда мұндағы жартас өнері – осындай ерекшеліктерге анағұрлым бай және алуан түрлі, Ешкіөлмес ғибадатханасының суреттері саны жағынан әлемге танымал Тамғалытас кешенінен асып түседі» деп жазылған сол кездегі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының археологиялық экспедициясының мүшері жазған ғылыми есептердегі мәліметтерде.
Ешкіөлмес жотасы қазір Ескелді ауданындағы туристердің назары ауған тархи мекенге айналып келеді. Мұндағы арғысы б.з.д. 2 мыңжылдықтың ескерткішіне жататын, қола дәуірі кезеңіне кіретін табиғи ескерткіштерді тануға деген қарапайым жұрттың ықыласы ерекше екен. Енді аудан аумағында келушілерге жағдай жасап, тұтас туристік кластер қалыптастыру міндеті тұр.
Баянжүрек белгісі
Баянжүректегі белгілерде сақ дәуіріндегі қоныстардан хабар беретін суреттер де бар екен. Бірақ олардың саны аз дейді ғалымдар. Мұндағы петроглифтердің көп бөлігі қола дәуірінде ойылып жасалған да, кейіннен жаңадан өңделіп отырған-мыс. Аса маңызды ескерткіштер қатарына қола дәуірі мен ерте темір дәуірі жатады. Петроглифтерден суреттеу мәнерінің айқын ерекшеліктері байқалады. Көбі аң стилінде салынған. Мысалы, Баянжүрек жартастарында бүгілген аяқтарымен немесе тұяқтарының ұшымен тұрған бұғының суреттері бірнеше рет кездеседі екен. Ал қабанның тасқа түскен сызбасы сақтардың аң стилінде орындалған. Ит пен қасқыр сияқты жыртқыш аңдардың шөп қоректі жануарларды қуалап, аулаған сәтін бейнелеген көрініс те бар.
ТҮЙІН:
Айтпақшы, дәл осындай тарихи жәдігерлердің бір тобы Талдықорған қаласының маңында да бар. Облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Қызылтас шатқалында көне дәуірге жататын петроглифтер шоғыры анықталған болатын. Бірақ бұл аумақта құрылысқа қажетті материал шығаратын компания жұмыс жүргізіп жатқан еді. Соның кесірінен тарихи жәдіргерлердің жойылып кету қауіпі жоғары болды. Экологтер мен қоғам белсенділерінің араласуынан кейін ол жерде диорит өндіруге мүлдем тыйым салынды. Сондай-ақ Қызылтастың бірегей петроглифтері жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Жетісу облысы