Министрлік қасиетті сапарды ұйымдастыруда сенімді компанияны таңдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Алданып қалмаңыз»: Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға Меккеге сапарды ұйымдастыру кезінде сақ болуға кеңес берді
Фото: istockphoto.com
881
оқылды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мекке мен Мединаға, сондай-ақ әлемнің басқа елдеріне саяхаттауды жоспарлаған азаматтарға алаяқ компаниялардың айласына түспеу үшін сақтық шараларын ескеруді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Фирманың лицензиясын және ол туралы пікірлерді тексеріңіз. Мұндай сапарларды ұйымдастыратын ресми туристік компаниялардың мемлекеттік лицензиясы болуы қажет. Клиенттердің пікірлерін мұқият зерттеңіз. Туроператорлар әр туристке арнайы туркод ұсынуы тиіс. Тым төмен бағаға қызығып, алаяқтардың құрбаны болмаңыз. Егер ұсыныс күмән тудырса, асығыс шешім қабылдамаңыз. Туристік фирмалардың бағаларын салыстырып, нарықтық деңгейге сәйкестігін анықтаған жөн», – делінген ІІМ таратқан хабарламада.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін келесі сақтық шараларын ұстану қажет:

  • Құжаттар мен келісімшартты тексеріңіз;
  • Барлық келісімшартты мұқият оқып шығыңыз. Егер бір нәрсе түсініксіз болса, маманмен кеңесіңіз;
  • Байланыс деректеріне назар аударыңыз;
  • Сенімді турфирманың нақты мекенжайы, байланыс телефоны және электронды поштасы болады. Алаяқтар көбіне байланыс деректерін жасырын ұстауы мүмкін;
  • Тур бағдарламасын мұқият зерделеңіз;
  • Ұсынылған қызметтердің толық тізімін қарап шығыңыз (ұшу, тұрғын үй, көлік, тамақтану, медициналық сақтандыру және т.б.);
  • Қосымша төлемдерден сақ болыңыз. Тур бағасына барлық қажетті шығындар кіретініне көз жеткізіңіз.

ІІМ азаматтарға тек ресми тіркелген туроператорлардың қызметіне жүгінуге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.