Полиция қызметкеріне 190-баптың 2-тармағы 3-бөлігі («Қызмет бабын пайдаланып алаяқтық жасағаны») үшін айып тағылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz «АқЖайық» порталына сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, сотталушы Атырау қалалық ІІБ-нің лауазымды тұлғасы бола тұра, күдіктінің ағасынан басқа лауазымды тұлға жүргізіп жатқан қылмыстық істі тоқтату үшін 300 мың теңге алған.
Сотталушының кінәсі әңгімелесу жазбаларымен, жәбірленуші мен куәгердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот-фонографиялық және психологиялық-филологиялық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыны алты жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ «лейтенант» шенінен айыруды сұрады. Айыпталушы мен оның қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, ақтауды сұрады.
Кәмелетке толмаған балалардың болуы жауаптылықты жеңілдететін, ал анттың бұзылуы ауырлататын мән-жай деп танылды.
Сотталушыға 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ол лейтенант шенінен де айырылды.
Жәбірленушінің ұрланған мүліктің құнын өндіру туралы азаматтық талап-арызы толығымен қанағаттандырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.