Жаңа Құрылыс кодексінде қала мен ауылда құрылыс салудың ерекшелігі, оған қойылатын талаптар туралы талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Салық, Су, Құрылыс, Цифрлық кодекс пен тұтынушылар құқығын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, пошта секілді заң жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.
Фото: Akorda.kz-тен алынды
Мәжіліс депутаттары Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу үшін осы саладағы мәселені талқылап жатыр. Жұмыс тобының жетекшісі Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мұрат Әбеновтың айтуынша, ауылда тұрғын үй, мал қора салу талабын қиындатудың қажеті жоқ.
«Ауылдық жерде үйді белгілі бір құрылыс компаниясы емес, жеке адам шама-шарқына қарай салады. Сол үшін ауылда үй салуды қиындатпай, құрылыс шығыны қымбатқа түсетіндей салмақ салып қиындатпай, әр адам өзіне үй салып алатындай мүмкіншілік жасауымыз керек. Заңгер Бақытжан Базарбек көтерген мәселе де өте өзекті. Өкінішке қарай, соңғы кездері құрылыс жүргізгенде санитарлық норма талаптары сақтала бермейді. Көп жағдайда зауыт, фабрикалардың жанына тұрғын үй салады. Екі ортада дау-дамай туындайды. Санитарлық нормалар бостан-босқа қойылмаған. Ірі өндіріс ошақтарының қасында тұру адам денсаулығына зиян. Содан кейін «зауытт жабу керек» деген сот шешімдері шығады. Соның салдарынан мыңдаған адам жұмыс істейтін зауыттар жабылып жатқан жағдайлар бар. Барлық проблема заңның дұрыс жазылмағандығында тұр. Екі ортада пайда көретіндер тексерушілер. Жаңа Құрылыс кодексінде осындай дауларды болдырмауға тырысамыз», – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Айта кетейік, заң жобасын талқылауға арналған жұмыс тобына 120-дан астам адам кіреді. Олардың қатарында депутаттардан бөлек, мемлекеттік орган, сараптама ұйымдары және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Жалпы бұл заңды жақсарту әрі жүйелі ету мақсатымен барлығы 631 ұсыныс түскен. Қазірдің өзінде соның жартысынан астамы қабылданып, 63-і пысықталып, қалған 228-сі қаралып жатыр. Бүгінгі күн тәртібі жеке тұрғын үй құрылысына қатысты болды.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.