«AMANAT»: Ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылады.
Елімізде 367 шағын ауыл ауызсумен қамтамасыз етіледі
Фото: istockphoto.com
693
оқылды

Ел азаматтарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі жаңа деңгейге көтерілді. «AMANAT» партиясының Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесінде атқарылған табанды жұмыс нәтижесінде Үкімет өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге 100 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz  

Енді ел аумағындағы 367 шағын ауыл ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл шешім – азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

«Сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу туралы алдымызға мақсат қойдық. Бүгін «AMANAT» партиясы осы мақсатқа қол жеткізді. 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Яғни, Қазақстандағы шағын ауылдардың мыңдаған тұрғыны жақын арада ауызсуға қол жеткізеді», – деді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі – кешенді блок-модульдерді орнату. Бұл дегеніміз – орталық магистральдардан шалғай орналасқан елді мекендерді де сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін автономды тазарту және сумен жабдықтау жүйелері. Мұндай шешім әсіресе экономикалық тұрғыда ірі су құбыры желілерін тарту мүмкіндігі жоқ шағын ауылдар үшін аса маңызды.

Бұған дейін Кеңес отырысында сумен жабдықтау мәселесінің қазіргі жағдайына егжей-тегжейлі талдау ұсынылған болатын. Талқылау қорытындысы бойынша, Үкіметке нақты ұсыныстар жолданды. Осы ұсыныстар ескеріліп, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жобаны қаржыландыруға қатысты қабылданған шешімді растады.

Осылайша, «AMANAT» партиясының белсенді ұстанымы арқылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқын таза ауызсумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы жүйелі жүзеге асырылуда. «AMANAT» партиясы бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ете отырып, жағдайды жіті бақылауда ұстауды жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.