Еуразия ұлттық университетінде жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, марқұм Тұрлыбек Мәмесейіттің «Тау мінезі» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Қаламгер Тұрлыбек Мәмесейіттің «Тау мінезі» кітабы жарық көрді
540
оқылды

ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына тоқталды және  ЕҰУ-дың магистранттары мен докторанттары алдағы уақытта сыншы, жазушы, драматург Тұрлыбек Мәмесейіттің еңбектерін зерттеп, диссертация қорғалатынын айтты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Кітаптың тұсауын ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қаныш Бибеков, жазушы Ораз Қауғабай, филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы кесті.

«Тау мінезі» кітабы таулы өңірде, шекаралық аймақта өмір кешкен қарапайым халықтың басынан өткерген қилы кезеңдері мен қиын тағдырлары замана үдерісінің әрқилы құбылыстарына орайлас  өріліп, уақыт тынысы, адамның іс-әрекеттері, кейіпкер характері табиғи болмысымен көрініс беріп, шынайылығымен баурайды. Адам болмысының туған жері мен өскен еліне деген сағынышы мен сүйіспеншілігі, өз топырағына, ата-баба аманатына деген адалдығы, беріктігі жанды суреттермен көркем бейнеленеді. Сонымен қатар Тұрлыбек ағаның Астананың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз, біз алдағы уақытта қаламгердің есімін  мәңгі есте қалдыру мақсатында сіздермен бірге жұмыс істейміз деген сенімдемін», – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.

Тұсаукесерде сөз алған зиялы қауым өкілдері туған жер табиғаты аса бір тебіреніспен құнарлы көркемдік, шұрайлы тілмен баяндалғанын нақты мысал келтіре отырып баяндады.

«Бұл кітапта ұлы табиғаттың тылсым сырлары мен тосын құбылыстарының адам болмысына тигізер әсері жүрек шымырлата өріледі. Шығармалардың өзіне тән еркшелігі де осы тау табиғатының тамылжыған көріністерін адам тағдырымен, көңіл күйімен астастырып суреттеуге шеберлігінде жатыр. Еуразия ұлттық университетінің магистранттары мен докторанттары зерттеу жұмыстарын жүргізгенде осы жағын ескереді деген ойдамын», – деді ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нұрлан Қалқа.

Арасында филология факультетінің студенттері кітаптан үзінділер оқыса, «Хан Тәңірінен қанат қаққан» атты бейнефильм мен қаламгердің көзі тірісінде сөйлеген сөздері салтанатты шараның шырайын кіргізді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек модераторлық еткен кеш соңында сөз алған жазушының жары Гүлнар Мамаева жиналған қауымға ризашылығын білдіре келіп, тұсауы кесілген кітаптың тарихы мен қаламгер жайлы естелік-әңгімелер айтып берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.