Адамның денсаулыққа байланысты құқығы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) конвенциялары сияқты халықаралық құжаттарда бекітілген іргелі құқықтардың бірі болып саналады.
Бұл құжаттар мемлекеттерді әлеуметтік мәртебесі мен құқықтық жағдайына қарамастан, кемсітусіз барлығына медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндеттейді.
Қазақстан осы халықаралық стандарттарға сүйене отырып, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту және халықтың барлық санаттары үшін медициналық қызметтерді қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Ерекше назар аударуды қажет ететін ең осал топтардың бірі – бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар.
ДДҰ сотталғандарды объективті себептермен медициналық қызметтерге қол жеткізу жиі қиындыққа соғатын азаматтардың осал санаты ретінде айқындайды.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда қамаудағыларды медициналық қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігінің қарауында болды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйенің уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіретін шектеулері бар.
Қамаудағы адамдар мамандарға қол жеткізуде, диагностикалық зерттеулерде және созылмалы ауруларды емдеуде қиындықтарға тап болды.
2023 жылы Қазақстан Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі Жарлығын іске асыру шеңберінде сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары азаматтық салаға – Денсаулық сақтау министрлігінің басқаруына берілді.
Бұл шешім бар проблемаларды терең талдаудың нәтижесі болды және Қазақстанның сотталғандардың денсаулығын қорғауға ізгі және тиімді қағидаттар қалыптастыру жөніндегі халықаралық міндеттемелерге бейілділігін көрсетеді.
Бүгінгі таңда медициналық қызмет қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) 79 мекемесін қамтиды, онда 39 мыңнан астам қамауда. ҚАЖ жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің штаттық саны 1,2 мыңға жуық.
Функцияларды Денсаулық сақтау министрлігіне бергеннен кейінгі негізгі жетістіктер:
Қамаудағы адамдар медициналық қызметтердің кең спектрін, соның ішінде мамандардың кеңесін, стационарлық емдеуді және диагностикалық процедураларды алуға мүмкіндік алды.
Білікті мамандарды тарту және заманауи технологияларды енгізу диагностика мен емдеудің сапасын жақсартты.
Медициналық мекемелерді жөндеуге, заманауи жабдықтар мен қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға едәуір қаражат жұмсалды.
Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу медициналық қызметтерге қол жеткізуді жеңілдете отырып, сотталғандардың денсаулық жағдайын есепке алу және мониторингілеу жүйесін құруға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтауды Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру медициналық қызметтермен қамтудың едәуір артуына әкелді:
Медициналық көмек алған қамаудағы адамдардың саны екі есеге өсті – 2022 жылғы 38,4 мыңнан 2023 жылы 71,3 мыңға дейін, оның ішінде стационарлық емдеу – бес есеге (217-ден 1 110 адамға дейін).
Жүргізілген диагностикалық зерттеулердің саны екі есеге өсті –
2019 жылғы 7 541-ден 2023 жылы 14 310-ға дейін.
2023 жылы 18 мыңнан астам қамаудағы адам рентген-тексеруден, 392 – компьютерлік томографиядан, 195 – МРТ-зерттеуден, 161 – бейінді мамандардың консилиумдарынан өтті.
Жүйені қаржыландыру 1,5 мың еседен астам – 466,2 мың теңгеден 765 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Бұл өзгерістер Қазақстанның барлық азаматы, соның ішінде сотталғандар үшін медициналық көмекке қолжетімділіктің теңдігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.
Осы реформаларды іске асыру Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді орындауға және бас бостандығынан айыру орындарында ұстаудың неғұрлым ізгілікті жағдайларын жасауға ұмтылысын көрсетеді.
Одан әрі жұмыс азаматтардың құқықтық мәртебесіне қарамастан, олардың барлық санаты үшін денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталатын болады.
Ләззат АҚТАЕВА,
медицина ғылымдарының докторы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.