Әнші Қыдырәлі Болманов 2004-2008 жылдары Алматының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетовтің оны өз кабинетіне қалай шақыртқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бір күні Астанадан жаңа жылға қонаққа келген досымды шығарып салдым. Жаңа жыл қарсаңында 2-3 күн ұйқы қанбаған, үйге жетіп, ұйқы деген «айырылмас махаббатымның» құшағына «бетпен» құлап, ұйқыны бір қандырсам болды деген ойда ғана тұрдым. Сол сәтте телефон шырылдады. Таныс емес нөмір. Көтердім. «Алло, сәлеметсіз бе, Алматы әкімдігінен, Иманғали Нұрғалиұлының қабылдау бөлмесінен қоңырау шалып тұрмыз. Қыдырали Нұртайұлысыз ба?» деді. «Иә, менмін» дедім. «Сізді Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов кешкі сағат 20:00-де күтеді» деді. Ұйқы деген арсыз ғой, оның үстіне демалыс: «кешіріңіз, бүгін үлгермеймін» дей бергенім сол еді: «Сіз қайдасыз?» деді телефонның арғы жағындағы адам жұлып алғандай. «Тауға шығып кетіп едім» деп едім, хабарласып тұрған азамат та осал «жау» емес екен: «Сол тауға шыққан жолың бар емес пе, сен айналайын, сол жолмен қайтадан түсе ғой, сағат 21:00-де Иманғали Тасмағамбетов сені күтеді» деді. Сөз тапқанға қолқа жоқ, келіспеуге амалым болмады, сағат 21:00-де әкімнің кабинетінің есігін аштым», - дейді жаңа сұхбатында Қыдырәлі Болманов.
Ол Иманғали Тасмағамбетовтің ұсынып отырған жұмысынан не үшін бас тарта алмағанын түсіндірді.
«Мен түк түсінбей отырған соң қалай «иә» дерімді, екінші жағынан, «Ұлытау» тобымен бірге Америкадан жеңіспен оралғанда біздің қолымызды алып, құттықтаған жалғыз шенеунік – Иманғали Тасмағамбетовке қалай «жоқ» деп айтарымды білмей отырмын. Бар айтқаным «қашан?» деген сөз болды. Қысқасы, қандай жобаға келіскенімді білмесем де «келісемін» деп айтып қойғанымды түсіндім. Иманғали Тасмағамбетов өзі де ұйықтамайды, өзгеге де ұйқы бермейтін, күні-түні елге қызмет ететін адам», - дейді Қыдырәлі Болманов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.