Абай университетінің бастамасымен 2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Педагогикалық сынып» жобасы бүгінде өз жемісін беріп келеді.
Жас мамандар студент кезінен бастап мектепте тәжірибе жинайды
1,017
оқылды

Өйткені бұл жоба орта мектеп түлектерін кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуға және үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесіне бағытталған педагогикалық мамандық туралы түсініктерді қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Яғни, болашақ маман мектеп қабырғасында жүріп, өзін болашақ педагог ретінде қалыптастыра алады. 

Осы мақсатта және орта мектеп мұғалімдеріне оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен рәсімдеу бойынша әдістемелік қолдау көрсету үшін Түркістан облысы Білім басқармасының Кентау қаласы білім бөлімінің басшысы А.Ауелбековтің және Кентау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Мақұлбековамен бірлескен семинар Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-лицей базасында өтті.

Семинарға Абай университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков пен педагогика кафедрасының профессоры Бауыржан Сейдахметов қатысты. Семинар барысында университет өкілдері қалалық білім бөліміне қарасты мектеп басшылары, пән мұғалімдері, кәсіби бағдар педагогтерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Кентау қаласының 23 мектебінде 23 профориентолог мұғалімі педагогикалық сынып бойынша 36 сағат біліктілік курсынан өтті. Сонымен қатар  осы жоба аясында 10-11-сыныптың 350 оқушысы педагогикалық сыныпта білім алуда.  

«Педагогикалық сынып – бұл жай ғана жоба емес, ол мұғалімдердің жаңа формациядағы педагогикалық кадрларды қалыптастырудың негізі», – деді Хайрулла Жанбеков. 

Іс-шарада педагогикалық сыныптардың атқаратын жұмыстары, болашақ педагог мамандарды бірлесіп даярлау бойынша баяндама жасалып, тренинг өткізілді. Ұстаздар педагогикалық қарым-қатынастың, жобалау мен тәрбие қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктері мен «Педагогикалық сыныпты» құру жобасы және рухани тазалық ұстанымдарымен танысты. 

Профессор Хайрулла Жанбеков 2025 жылдың 6-12 ақпан аралығында «Педагогикалық сыныптағы «Педагог мамандығына кіріспе» факультатив пәнінің теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында біліктілікті арттыру курсынан өткен кәсіби бағдар педагогтеріне сертификат табыстап, игі бастамаға сәттілік тіледі. Семинар соңында Педагогикалық сынып жобасы аясында білім алып жатқан оқушылармен семинар тренингтер ұйымдастырылды.

Жоба жаңа білікті мамандарды дайындау арқылы ұстаздық кәсіптің дамуына өз үлесін қосуды жалғастырып жатыр.