Қарағанды облысының прокуратурасы Костенко шахтасында кеншілердің қаза табуына қатысты 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді. Шахтадағы апат салдарынан 46 кенші қаза тауып, 28 қызметкер зардап шеккен болатын, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен жүргізді.
– Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс, шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңы жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды.
Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі бойынша («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – делінген ақпаратта.
Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды.
Материалдар негізі бойынша қарау үшін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.