Түсініксіз дыбыстар, жұмбақ жартастар мен жануарлардың бұрын байқалмаған біріне-бірі шабуылдауы. Бұның бәрі мұхитта болып жатқан жұмбақ құбылыстар.
Мұхиттың адам білмейтін 7 құпиясы бар
Ғылым алға жылжыған сайын мұхиттардың астындағы жұмбақтар ғалымдарды тығырыққа тіреуде. Иллюстрация engoo.com сайтынан алынды
3,898
оқылды

Aikyn.kz су әлемінің құпияларын BBC-дің Science Focus журналында жарияланған зерттеу материалына сүйеніп талдайды.

Ғарышқа адам жіберу терең мұхиттың түбіне экспедиция жасаудан әлдеқайда жеңіл. Фото timesofindia.indiatimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: iStock

Әлем халқының 40%-дан астамы теңіз жағалауынан 100 шақырымнан аспайтын жерде өмір сүреді. Соған қарамастан, біз мұхиттар туралы өте аз білеміз. Бір қызығы, ғарышқа адам жіберу терең мұхиттың түбіне экспедиция жасаудан әлдеқайда жеңіл.

Ғылым мұхиттарды зерттеуде үнемі алға жылжып отырғанымен, әлі де зерттелмеген сансыз жұмбақтар бар. Кейбір құбылыстар ғалымдарды тығырыққа тіреуде.

1. Неліктен косаткалар ақ акулаларды өлтіреді?

Оңтүстік Африка жағалауында түсініксіз оқиғалар болуда. 2017 жылдан бері жағалауға іштері ақтарылып, бауырлары жұлынған ақ акулалардың денелері шығып жатыр. Бірақ бұл жыртқыштарды кім өлтірді?

Зерттеулерге сәйкес, бұл жағдайлар жағалауға жақын маңда пайда болған косаткалар жұбымен байланысты сияқты. Ғалымдар оларға «Солақай» және «Оңқай» деген атау берген. Өйткені олардың біреуінің арқа қанаттары солға, екіншісінікі оңға қисайған.

2022 жылдың мамырында дрон мен тікұшақ пилоты «Оңқай» косатканың тағы басқа төрт косаткамен бірге ақ акулаларға шабуылдағанын байқап, олардың бірін өлтірген сәтін түсіріп алған. Ғалымдар неліктен косаткалар акулаларға шабуыл жасайтынын нақты білмейді. Бір гипотеза бойынша, балық аулаудың әсерінен косаткалардың табиғи тағамдық ортасы тарылып, олар жаңа қорек көздерін іздеуге мәжбүр.

Күн жүйесінің алғашқы кезеңінде Жерде метеориттік бомбалау белсенді жүргені белгілі. Көптеген ғалымдар Жерге су осы метеориттермен келді деп есептейді. Иллюстрация sciencefocus.com сайтынан алынды. Авторлығы: Science Photo Library

2. Жердегі су қайдан пайда болды?

Планетамыздың 70%-ын мұхиттар алып жатыр, олардың жалпы ауданы 361 миллион шаршы шақырымды құрайды, орташа тереңдігі 3 682 метр. Жер шамамен 5 миллиард жыл бұрын пайда болғаны белгілі, бірақ су қайдан келгені әлі белгісіз.

Бір теория бойынша, су метеориттер мен ғарыштық денелердің әсерінен пайда болған. Көміртекті хондриттер деп аталатын метеориттердің 10%-ға дейінгі құрамы судан тұруы мүмкін, ал Күн жүйесінің алғашқы кезеңінде Жерде метеориттік бомбалау белсенді жүргені белгілі. Көптеген ғалымдар Жердің сулануына бірнеше фактордың үйлесуі себеп болды деп есептейді.

3. Йонагуни монументін кім жасады?

Йонагуни аралы (Жапония, Рюкю архипелагының оңтүстігі) маңында ерекше суасты жартастар бар. Оны 1986 жылы аквалангист Кихатиро Аратаке акулаларды зерттеу кезінде кездейсоқ тапқан.

Бұл суасты құрылымы перпендикуляр орналасқан құмтас блоктарынан, спираль тәрізді «баспалдақтардан» және түсініксіз қашалып жасалған, жазуға ұқсайтын белгілерден тұрады. Кейбір зерттеушілер бұл ежелгі жоғалған өркениеттің қалдықтары болуы мүмкін деп болжайды.

2004 жылы жүргізілген гидролокациялық зерттеулер шамамен 10 000 жыл бұрын теңіз түбінде жасанды құрылымдар пайда болғанын көрсетті. Олар ежелгі қаланың элементтеріне – сатылы пирамидаларға, жолдарға және су арналарына ұқсайды.

Бірақ ғалымдардың басқа тобы бұл құрылымның табиғи жолмен пайда болғанын айтады. Себебі аймақтағы жыныстар тік және көлденең жазықтықтар бойымен жарылады. Дегенмен олар жақын маңда ежелгі өркениеттің іздері болғанын жоққа шығармайды.

Йонагуни монументі перпендикуляр орналасқан құмтас блоктарынан, спираль тәрізді «баспалдақтардан» және түсініксіз қашалып жасалған, жазуға ұқсайтын белгілерден тұрады. Фото sciencefocus.com сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy

4. Мұхиттан шыққан түсініксіз дыбыстардың көзі қандай?

Мұхит – өте шулы орта. Онда адам әрекеті, жануарлардың дыбыстары, жанартау атқылауы мен тектоникалық қозғалыстар үнемі естіліп тұрады. Бірақ кейбір белгісіз дыбыстар ғалымдарды таңғалдыруда.

Upsweep деп аталатын дыбыс алғаш рет 1991 жылы АҚШ-тың Ұлттық мұхит және атмосфера басқармасы (NOAA) тарапынан тіркелген. Ол әлі күнге дейін жазылып келеді. Бұл дыбыс қысқа уақытқа созылатын, үнемі жоғарылайтын дыбыстық сигнал. Ол Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Америка арасынан мұхит түбінен шығады. Неге дәл көктем мен күзде жиі естілетіні белгісіз.

Пинг – тағы бір құпиялы дыбыс. 2016 жылы бұл дыбысты Канада Арктикасындағы аңшылар тіркеген. Олар бұл дыбыс жануарларды қатты үркітіп жіберетінін байқаған. Бірақ Канада әскери ұшақ жібергенімен, дыбыстың қайдан шыққаны анықталмады.

5. Мұхит түбінде не болып жатыр?

Көпшілігіміз мұхит туралы айтқанда, оның толқындарын ғана елестетеміз. Алайда су астындағы рельеф құпияға толы. Жер серіктері арқылы мұхит түбінің картасы жасалған, бірақ ол өте жалпы және дәлдігі нашар. Бұл карталарда су асты таулары, батырылған кемелер сияқты маңызды объектілер көрінбейді.

Қазіргі уақытта Seabed 2030 жобасы аясында жоғары дәлдікті технологиялардың көмегімен мұхит түбін картаға түсіру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың маусымындағы мәліметтер бойынша, мұхит түбінің тек 26,1%-ы егжей-тегжейлі зерттелген.

6. Мұхиттағы пластик қайда жоғалады?

Жыл сайын 8 миллион тонна пластик мұхитқа түседі. Бірақ біз ол пластиктің қайда кететінін әлі толық білмейміз. 2015 жылы Science журналында жарияланған зерттеу мұхит бетінде 6 350-245 000 тонна ғана пластик бар екенін көрсетті. Бұл жалпы көлеммен салыстырғанда өте аз.

Ғалымдар пластиктің шағын бөлшектерге ыдырап, бүкіл экожүйеге еніп кетуі мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда мұхиттағы судан микроскопиялық пластик бөлшектерін табуға болады, бұл барлық теңіз жануарларына әсер етуі мүмкін.

Биолюминесценция шамамен 540 миллион жыл бұрын пайда болған, мұны теңіз жануарлары жыртқыштардан қорғану, қорегін өзіне жақындату немесе серігін табу үшін пайдаланады. Фото nathab.com сайтынан алынды

7. Неліктен кейбір теңіз жәндіктері жарық шығарады?

Биолюминесценция – тірі ағзалардың жарық шығаруы. Бұл теңізде өте кең таралған құбылыс. 200-1 000 метр тереңдікте өмір сүретін теңіз жануарларының 90%-ы жарық шығара алады. Олар мұны жыртқыштардан қорғану, қорегін өзіне жақындату немесе серігін табу үшін пайдаланады.

Биолюминесценция бұрыннан белгілі қасиет. 2024 жылы АҚШ-тағы Флорида халықаралық университетінің ғалымдары доктор Даниэль ДеЛеоның жетекшілігімен, биолюминесценция алғаш рет шамамен 540 миллион жыл бұрын пайда болғанын анықтады. Бұл құбылыс сегіз сәулелі маржан деп аталатын теңіз омыртқасыздарының бір тобында алғаш байқалған. Біз оның эволюциясының ежелгі дәлелдерін анықтағанымызбен, жануарларды жарық шығаруға не итермелейтінін әлі білмейміз.

Биолюминесценция қысқа қашықтықтағы визуалды коммуникация үшін пайдалы болғанымен, теңіз әлемінде ол жалғыз сезім мүшесі емес. Мұхит – иістер мен дыбыстарға толы күрделі экожүйе, сондықтан теңіз организмдері жарықты, әртүрлі иістер мен дыбыстарды пайдаланады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.