Соңғы кезде блогерлер салық міндеттемелерін орындау туралы хабарлама алғандары туралы жазып жүр. Тиісті органның мәліметінше, түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша, 594 тұлғаларға 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер белгіленген, нәтижесінде, биылғы жылдың 13-14 ақпан аралығында «кірістерді төмендету» бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілген. Бұл туралы Aikyn.kz Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес хабарлайды.
Бақылау шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырған.
Мемлекеттік кірістер органдары салық міндеттемелерін толық орындау мақсатында блогерлерді қоса алғанда, жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты негізде жүргізеді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігі тапсырылады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсыну қажет. Хабарламаның орындалу мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды екен.
Сонымен қатар табыс алу кезінде салықтарды төлеу қажеттілігіне, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстарында онлайн-жарнамаларды жариялауға, ақпараттық өнімдерді жылжыту немесе сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және тағы басқа жағдайларға назар аударылған. Кіріс комитетінің мәліметінше, көрсетілген міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясында және Салық кодексінде белгіленген.