Түркістан облысына инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді.
Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыс дамиды
247
оқылды

Облыс басшысының тапсырмасына сай бірқатар игі жобалар жүзеге асуда. 

Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бастаған делегация Сиань қаласындағы Бас консулдықтың қолдауымын Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапарының алғашқы күні өңір делегациясы Шэньси провинциясының вице-губернаторы Чэнь Чуньцзянмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Айта кетейік, өткен жылы қос өңір арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Шэньси провинциясы – Қытайдың жетекші экономикалық орталықтарының бірі және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда мен инфрақұрылымдық даму әлеуеті жоғары өңір. Осыған байланысты тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инновациялармен алмасу және сауда көлемін ұлғайту бағытында тығыз қарым-қатынасты жалғастыруға мүдделі екендерін білдірді. Кездесу нәтижесінде тараптар екі өңір арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту үшін өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.

Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков іссапар жоспары аясында су ресурстарын тиімді пайдалану және сумен жабдықтау жүйелерін дамыту бағытында маманданған «Shaanxi Water Development Group Co. LTD» компаниясының басшылығымен келіссөз жүргізді.

«Shaanxi Water Development» компаниясы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, ауызсу жүйелерін жобалау, кәріз жүйелерін жаңғырту, суды тазарту технологияларын жетілдіру және осы салаға қатысты өнімдер өндірумен айналысады. Компания құрамында мамандандырылған 19 кәсіпорын бар. 

Кездесу барысында қытайлық компания өкілдері суды тазарту және ластанған суды қайта өңдеу, халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету, су сапасының қауіпсіздігін бақылау саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ ауыз судың қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа технологияларды қолдану бойынша бірлескен жобаларға қатысу ұсынылды.

Тараптар су ресурстарын тиімді пайдалану, жаңа технологияларды енгізу және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, осы бағытта тығыз жұмыс істеуге ниетті екендерін білдірді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы