ІІМ бір ай ішінде 800 келіден астам есірткі затын тәркілеген, оның ішінде 29 келі синтетика және 5 тонна прекурсор бар.
Есірткі жарнамалайтын 1 257 сайт бұғатталды
Фото: istockphoto.com
365
оқылды

Ішкі істер министрлігі қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу бойынша жұмысын жалғастыруда. Полиция ведомствосы осы қағидатты іске асыру жолында маңызды қадам жасап, алғаш рет Есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеңестің басты мақсаты – елде есірткіге тәуелділікті және заңсыз есірткі айналымын алдын алу бойынша шараларды күшейту. Ұйым құрамында азаматтық қоғам өкілдері бар. Бұл олардың алдын алу шараларына белсенді қатысуына мүмкіндік береді, сондай-ақ мәселенің өңірлерде шешілуіне септігін тигізеді. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіру үлкен маңызға ие.

Ішкі істер министрлігі жанынан құралған Есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өткен.

– Шара ұлттық деңгейде есірткі қылмысына қарсы күрес және профилактиканы күшейту мен нығайту аясында өткізілді. Отырыста кеңестің жұмыс жоспары, сондай-ақ өңірлерде ұқсас кеңестерді құру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл жергілікті жерлерде күш пен құралдарды тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс бағыты айқындалып, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас ұрпақты есірткі ортасына тарту факторларын болдырмау бойынша шаралар нақтыланды, – деп атап өтті ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті басқарма бастығының орынбасары Сергей Ильиных.

Жалпы, кеңестің жұмысы профилактика жүргізумен қатар, оған қоғам мен мемлекеттік органдардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылдың қаңтар айында полиция 700-ден астам есірткі құқықбұзушылығын анықтады, есірткі жарнамасы бар 1 257 есірткі сайты бұғатталды, оның ішінде 15 дроп-карт бар. Сонымен қатар есірткі туралы ақпарат тарататын 76 арна мен бот  жойылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.