Түркістан облысы мамандарының жоғары біліктілігі мен үйлесімді жұмысының арқасында өңірде алғаш рет науқастың бауырын ауыстыру отасы сәтті жасалған.
Облыс тарихындағы алғашқы бауыр трансплантациясы сәтті өтті
Фото: gov.kz
552
оқылды
Бауыр трансплантациясы – қазіргі заманғы хирургиядағы ең күрделі оталардың бірі. Алайда, Түркістан облысы мамандарының жоғары біліктілігі мен үйлесімді жұмысының арқасында өңірдегі операция сәтті өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Науқас  Ульяна Нурметова, 48 жаста, бауыр циррозы ауруымен ауырған. 2019 жылдан бастап гастроэнтерологтің бақылауында болып, оған Child-Turcotte-Pugh жіктемесі бойынша В класты вирус этиологиялы бауыр циррозы диагнозы қойылған. Амбулаторлық және стационарлық ем қабылдап жүрген. Ауруы порталдық гипертензиямен, ісінумен, гиперспленизм синдромымен асқынып, науқастың жағдайын қиындата түсті. Ұзақ уақыт жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, жағдайы нашарлап, оған бауыр трансплантациясы өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болды.
Донор ретінде науқастың 19 жастағы қызы  Эльвира Сахавитдинова жан-жақты медициналық тексеруден өткен.
Бауыр трансплантациясы Түркістан облыстық клиникасының базасында ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мен академик Б.Баймахановтың жетекшілігімен өткізілді. Бұл операция шеңберінде В.Мутагиров, М.Жұмабекова (анестезиологтер), М. Досханов, С. Тілеуов, Ж.Оспан (хирургтер) және облыстық клиникалық аурухананың мамандары белсенді жұмыс атқарды.
Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең ауыр асқынуларсыз өтіп, трансплантацияланған органның қызметі біртіндеп тұрақталып келеді.
Бұл операция – аймақ тарихындағы алғашқы бауыр трансплантациясы және Түркістан облысында трансплантология саласының дамуына жаңа мүмкіндік ашты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.