Қазір шахтада жұмыс тоқтатылып, екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды.
«Жомарт» шахтасындағы апат: Үкіметтік комиссияның тексеру жұмыстары қашан аяқталады?
294
оқылды

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апаттың себептерін тексеру және қаза тапқандардың отбасына көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының барысы туралы баяндамасы тыңдалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

2025 жылғы 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кеніші шахтасында апат болды. 7 адам қаза тапты. Бұл ретте 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.

Отырыста Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Үкіметтің атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарын жою бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды.

«Оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек. Қанат Алдабергенұлы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы үнемі баяндап отырыңыз», – деп атап өтті Премьер-Министр.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апат орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы ашылды. Сенім телефоны желісіне 23 қоңырау түсті.

Премьер-Министрге Үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетіні баяндалды.

Алдын ала мәліметтер бойынша шахтада табиғи газ жарылған.

Комиссия басшысы мен мүшелері апат болған жерді қарап, қаза тапқандардың отбасымен кездесу өткізді.

Қазір шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасына қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.

Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетеді, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген төлемі, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу бойынша көмек түрлері бар.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама аясында кеншілер отбасына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге төлемдер берілетін болады.

Жалпы тергеу нәтижелері комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсынылады.